Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шараларының негізгі бағыттарын түсіндіру жөніндегі үкіметтік жұмыс тобы Алматы облысына барды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Жұмыс тобының құрамына ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов кірді.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жұмыс сапарын Талдықорған қаласының Жұмыспен қамту орталығы мен Халыққа қызмет көрсету орталығынан бастап, мекемелердің жұмысын тексерді.
2018 жылы облыста 8294 адам жұмысқа орналастырылды, оның 2681-і тұрақты жұмыс тапты, 3248 адам төленетін қоғамдық жұмыстарға жіберілді. Жұмыспен қамту орталығында атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі егжей-тегжейлі қаралды. Бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Талдықорған қаласының ХҚО-да 2018 жылы 234 мыңнан астам құжат берілді, олардың 59% электронды түрде ұсынылған.
Бұдан кейін жұмыс тобы Алматы облысының тұрғындарымен кездесті. Жиынға көпбалалы аналар, аз қамтылған отбасылар, еңбек ардагерлері, мүмкіндіктері шектеулі жандар, мұғалімдер, дәрігерлер, азаматтық қоғам өкілдері қатысты.
Гүлшара Әбдіқалықова өз сөзінде жаңа әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттары, жұмыс тобының мақсаттары мен міндеттері туралы толығырақ айтып берді.
Ол халықтың әл-ауқатын жақсарту мақсатында қолға алынған шаралар туралы егжей-тегжейлі баяндай отырып, мемлекеттің басымдығы халықтың тұрмыс деңгейін барынша жақсарту екенін атап өтті.
Залда көтерілген сұрақтарға жұмыс тобының мүшелері нақты әрі толық түсініктеме берді.
Кездесу аяқталғаннан кейін Вице-премьер цифрлық сауаттылықты дамытуға бағытталған №28 АТ-лицей мектебіне барды. Мұнда 1,3 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Мектеп заманауи жабдықтармен жабдықталған. Онда информатика, психология, лингафондық және мультимедиалық кабинеттер, оқу шеберханалары бар.
Бұдан кейін Г. Әбдіқалықова аз қамтылған отбасылармен кездесті. 5 бала тәрбиелеп, балабақшада тәрбиеші көмекшісі болып жұмыс істейтін көпбалалы ана Т. Бекбердинованың пәтерінде болған Премьер-Министрдің орынбарасы атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тетігін түсіндірді. Оған сәйкес бұл отбасы енді ай сайын 141 125 теңге алатын болады.
Бірінші жұмыс күнінің соңында Г. Әбдіқалықова азаматтарды жеке қабылдады. Атап айтқанда, С. Тұраштың табысы төмен отбасының өтініші қанағаттандырылды, ол өз үйінде тігін ісін ашқысы келеді және қаржыландыруға мұқтаж. Өңір басшылығына 505 мың теңге көлемінде өтеусіз грант беру мәселесін шешу тапсырылды.
Мал шаруашылығымен айналысуға шешім қабылдаған С. Күмісбек шағын несие беруді сұрады. Бұл мәселе де оң шешімін тапты - облыс басшылығы оған шағын несие бөледі.
Жұмыс тобының басқа мүшелері облыс аудандары бойынша сапарларда болды. ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Ескелді ауданында, ҚР білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова Көксу ауданында, Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов Талдықорған қаласының және Текелі қаласының құрылыс және ТКШ нысандары бойынша жұмыс сапарында болды.
Денсаулық сақтау, білім беру нысандарын, басқа да әлеуметтік мекемелерді, құрылыс алаңдарын аралай отырып, ауыл тұрғындары, мұғалімдер және дәрігерлермен әңгіме өрбіді. Халықтың жеке қабылдауы өтті, онда азаматтар өзекті сұрақтарға толық жауап алды, сонымен қатар олардың түйіткілді проблемаларын шешуге көмек көрсетілді.
Үкімет мүшелерінің Алматы облысына жұмыс сапары жалғасады.
Айта кетейік, бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Е. Біртановтың жергілікті медицина қызметкерлерімен кездескенін жазған болатынбыз.