27 сәу, 2019 сағат 11:23

Ержан Максим «Голос. Дети» конкурсының суперфиналында өнер көрсетті (Видео)

Қазақстандық Ержан Максим ресейлік "Голос. Дети" тележобасында екінші орын алды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

"Голос. Дети" музыкалық байқауының финалында Ержан Максим Димаш Құдайберген айтып жүрген керемет ән – "All by Myself-ті" орындап, көрермендерді тәнті етті.

Финалға тәлімгерлер Пелагея, Валерий Меладзе және Светлана Лободаның командасының әрқайсысынан үш-үштен, барлығы тоғыз үміткер шыққан-тын.

Суперфиналға жолдама алғандар көрермендердің дауыс беруі арқылы анықталды.

Алғашқы болып Пелагея командасының әншілері сахнаға шықты. Мариам Абделькадер, Валерий Кузаков және астрахандық Рената Таирова өз өнерлерін сарапқа салды. Осы үшеуінің ішінен 10 жасар В.Кузаков көрермендердің көп дауысына ие болды.

Екінші Валерий Меладзенің командасында ивановолық 14 жасар Анастасия Сисаури, Степанакерт қаласынан келген 10 жасар Михаил Григорян және 11 жасар қазақстандық Ержан Максим өнер көрсетті. Е.Максим Эрик Карменнің «Сам по себе» әнін орындады. Содан кейін үш үміткер тәлімгерімен қосылып, Константин Меладзенің «Сэра» әнін әуелетті.

В.Меладзе үшеуінің де өнерін жоғары бағалап, сәттілік тіледі. Ал, көрермендер таңдауы қазақстандық әншіге түсті.

Бұдан кейін Светлана Лободаның тобындағы Микелла Абрамова, Нино Чеснер және Роберт Багратян сахна төріне көтерілді. Мұнда атақты әнші Алсудың қызы, 10 жасар М.Абрамова озды.

Сонымен, суперфиналда ең мықтылар - В.Кузаков, Е.Максим және М.Абрамова бақ сынады. Ержан «Адажио» әнімен шықты.


"Бірінші арнаның" тікелей эфирінде өткен байқаудың жеңімпазы көрермендердің дауыс беруінің қорытындысы бойынша анықталды. Айта кету керек, жобаның ережесі бойынша тек Ресей тұрғындары ғана дауыс бере алды. Сөйтіп, "Голос. Дети" жобасында 10 жастағы Микелла Абрамова жеңіске жетті. Микелла - белгілі ресейлік әнші Алсу мен бизнесмен Ян Абрамовтың қызы.

Ержан мен Валерий вице-чемпион болды. Тәлімгерлердің арасынан Пелагея үздік шықты.

Бірақ көрермендер байқауда әділетсіздік болғанын жарыса жазып жатыр. Олар нағыз жеңімпаз Ержан екенін айтып, оған қолдау білдіруде. "Ақшаға сатып алды", "Ержан, сен жеңдің, көрермендердің сүйіспеншілігін ешқандай ақшаға сатып ала алмайсың", "Керемет өнер көрсеттің, мен жыладым", "Алсу, ұят жасадың", "Бірінші арнада әділдік жоқ", "Қамықпа, Ержан, сенің болашағың зор" деп ресейліктер де, қазақстандықтар да Ержанның видеоларының астына пікір қалдырып жатыр.

Тіпті, танымал ресейлік шоумен, актер, тележүргізуші Максим Галкин де әділетсіздік болғанын ашық айтты.