17 шіл, 2020 сағат 07:50

Елордада дәрілік заттарды қымбат бағаға сатып келген дәріханалар анықталды

Прокуратура және полиция департаменті қызметкерлерінен құралған мониторинг тобының кезекті рейдтері кезінде елорданың бес дәріханасында медициналық препараттарды бағасын асырып сату бойынша заңбұзушылықтарды анықтады. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" елораның Полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Дәріхана қызметкерлері дәрілік препараттарды Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің «Бөлшек және көтерме сауда үшін дәрілік заттың сауда атауына шекті бағаларды бекіту туралы» бұйрығын бұзып сатқан. 

Тексеру барысында 246 орама дәрі-дәрмек тәркіленді, соның ішінде «Азитромицин», «Цеф3», «Парацетамол», «Ингаверин», «Дектаметазон», «Цефтриаксон» және тағы басқалары, 1983 медициналық маска, 4000 дана қолғап, 100 құты антисептикалық құрал бар. Тәркіленген препараттардың жалпы сомасы 1 000 000 теңгеден асты. 

Мониторинг жүргізу тобының қызметкерлері елорда дәріханаларында медициналық препараттарды ҚР заңнамасын бұзып сату фактілерін анықтау бойынша тұрақты түрде рейд шараларын жүргізуде. Барлық анықталған фактілерге құқықтық тұрғыдан баға беріліп, кінәлі азаматтар жауапқа тартылады.