10 там, 2022 сағат 19:38

Дауыл кезінде қаза тапқан ұландық наградаға ұсынылды


Алматы облысындағы дауыл кезінде қаза тапқан Ұлттық ұланның әскери қызметшісі Алмас Шахимов марапатқа ұсынылады. Бұл туралы 5571 әскери бөлімінде бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес 8-13 тамыз аралығында 5571 әскери бөлімінің жедел мақсаттағы батальонының жеке құрамы (Алматы қаласы) 5574 әскери бөлімінің оқу орталығында (Алматы облысы, Жетіген кенті) далалық оқу-жаттығуда болған.

9 тамыз шамамен сағат 20:55-те қатты дауыл соғып, тігілген шатырлар қирай бастайды. Қатардағы жауынгер Алмас Шахимов әріптестерімен бірге бірінші кезекте жеке құрамның қауіпсіз жерге шығуына және шатырлы қалашықтың қирауын жоюға көмек көрсете бастаған. Қауіпті орыннан соңғы шыққан Алмас шатырдың металл жақтауының желмен жұлынған соққысынан басынан жарақат алады. Оған дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Сарбаз Қонаев қаласының медициналық мекемесіне жеткізілгеннен кейін оның қайтыс болғаны анықталды.

Жауынгер өзінің жанқиярлық әрекетімен қаруластарын құтқару барысында ауыр жарақат алып, мерт болды.

Алмас Шахимов 2003 жылы дүниеге келген. Ақмола облысы Көкшетау қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментімен 2022 жылдың көктемінде шақырылған.

– Біз жолдасымызды, Отанымыздың қорғаушысын жоғалтып алдық. Табиғи апаттарды болжау мүмкін емес. Дауыл туралы ескерту болған жоқ. Ол өз өміріне қауіп төнсе де, әріптестеріне көмектесті, соңғы болып шатырдан шықты. Қатты желдің салдарынан металл конструкциялар құлады. Ол басынан жарақат алды. Кейін ауруханаға жіберді. Бірақ, өкінішке қарай, сағат 21:30-да қалалық аурухананың дәрігерлері жауынгердің қаза болғанын хабарлады.

Қызметтің алғашқы күндерінен бастап ол өзін адал сарбаз, нағыз азамат, Отан қорғаушысы ретінде көрсетті. 27 мамырда Көкшетаудан шақырылды. Бір ай бойы өзінің қызметтестерімен бірге қызметтік пунктте болды. Әскери борышын орындау кезінде қаза тапты. Ол - Ұлттық ұланның, халқымыздың қаһарманы, ата-анасының нағыз ұлы, – деді “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары Бекайдар Қазкеев.

Қатардағы жауынгер Алмас Шахимовтың денесі Алматыдан Көкшетауға әскери бортта жіберілетін болады. Алмастың ата-анасына заңнамаға сәйкес 500 АЕК (1 531 500 теңге) және 80 АЕК (245 040 теңге) материалдық көмек көрсетіледі. “Оңтүстік” ӨңҚ қолбасшылығы әскери қызметшіні қайтыс болғаннан кейін көтермелеу туралы өтініш жасайтын болады.

Дауыл кезінде тағы 14 әскери қызметші жарақат алды, олардың үшеуі - келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметшілер. Оларға медициналық көмек көрсетілді.

– Қызметтік тергеу өңірлік қолбасшылық ауқымында жүргізіледі. Әскери тергеу басқармасы, әскери прокуратура да өз бағасын береді. Барлығы ашық тексеріледі, – деді офицер.

Аталған  күні сарбаздар жедел мақсаттағы далалық шығуға қатысты. Бөлімше жұмысының реттілігі пысықталды, түнгі және күндізгі оқ атулар, іс-қимыл тактикасы – түрлі міндеттерді орындау-қоғамдық тәртіпті қорғау, техногендік сипаттағы дағдарыс жағдайларында жұмыс істеу болды. Оқу-жаттығуға барлығы 250 сарбаз қатысты.

Шатырды әскери қызметшілердің өздері командирлердің басшылығымен орнатты. Ол -  ресейлік өнім. Бөлімге жіберер алдында барлық шатырларды комиссия тексереді.

– Оның командирлері мен бастықтары жақын жерде болып, көмек көрсетті. Металл құрылымы 100-150 метр радиуста ұшып кетті. Маған бағынышты адамдар кейбір көліктердің қатты дауылдан айналғанын айтты. Алмас көпсалалы құтқару училищесін бітірген. Жолдастарына көмектесуге дайын болды. Біз үшін ол мәңгі батыр болып қала береді, – деді 5571 әскери бөлімінің командирі Бақдәулет Оспанбеков.

Баспасөз мәслихатында марқұмның әріптестері осы оқиға туралы айтты. Олардың сөзінше, қайтыс болған жауынгер сарбаздарға көмекке келген, бірақ көрінудің нашарлығына байланысты өзін құтқара алмаған.

– Біз үшеуіміз БӨП-те кезекшілікте болдық. Сағат 21:00-ге жақын дауыл басталды. Біз бораннан тығылу үшін бірінші ротаның шатырына бет алдық. Оны жел қозғап, біз оны ұстап тұруға тырыстық, не істеу керектігін білмедік. Алмас бізге көмекке келді, бізді қауіпсіз жерге апарды. Біз оны 10 минут күттік, содан кейін мен оны іздеуге шықтым. Барып қарағанымда ол жерде жатыр екен. Біз дәрігерлерді шақырдық. Оның бетінде қан болды, – деді қатардағы жауынгер Ақылбек Аманов.

– Ол үшеуімізді шығарды, содан кейін жүгіріп кетті. Шаңда ештеңе көрінбеді. Ол бізді шығарып алып, дуалға апарды, біз отырдық, ол басқаларды құтқаруға кетті. Оның қай бағытқа бет алғанын көре алмадық. Қауіпсіздік шаралары туралы бізге нұсқау берілді. Бірақ кеше бұл дауыл күтпеген жерден басталды. Бүкіл батальон бір шақырым жерде атыс алаңында болды. Барлық командир сонда еді. Біз үшеуміз екінші ротаданбыз. Ол бірінші ротадан, – деді қатардағы жауынгер Дмитрий Бадулов.

Сарбаздар шатырдан шыққаннан кейін олардың кейбіреулері жақын маңдағы КамАЗды ықтаған – шатырды қатты жел алып кетті.

Нұрлан Қалдыбековтың айтуынша, ол Алмаспен үш ай бойы таныс болған.

– Кеше атыс алаңында жарысқан сияқты едік. Бүгін енді ол жоқ. Мен Шымкенттенмін. Қаракемерде оқуда бір жарым ай болдық. Барлығы оны құрметтейтін. Ол батыл, нағыз батыр еді. Біз ол да КамАЗға эвакуацияланды деп ойладық, – деді ол.

Әріптестерінің айтуынша, сарбаз ешкіммен нашар қарым-қатынаста болмаған. Олар Алмастың ауруханаға жеткізілгенін рация арқылы білген.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы мен “Оңтүстік” өңірлік қолбасшылығы қатардағы жауынгер Алмас Шахимовтың ата-анасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.