Фото: Туризм және спорт министрлігі
Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындарында 21 ақпан күні қазақстандық спортшылар бірнеше спорт түрінен сынға түседі, деп хабарлайды Ult.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Фристайл-акробатикадан 14:45-те аралас командалық сайыс өтеді. Бұл сында ел намысын Аяна Жолдас, Роман Иванов және Асылхан Асан қорғайды. Аралас командалық бәсекеде спортшылар синхронды әрі техникалық күрделі секірістер орындайды.
Ал 15:00-де шаңғы жарысынан масс-старт бәсекесі басталады. Қазақстан атынан Әмірғали Мұратбеков пен Наиль Башмаков жарысқа қатысады. Масс-стартта барлық спортшы бір уақытта жолға шығады.
Сондай-ақ, бүгін 21 ақпаннан 22 ақпанға қараған түні Қысқы Олимпиада ойындары аясында мәнерлеп сырғанаушылардың гала-концерті өтеді. Аталған шоуға Қазақстан өкілі Михаил Шайдоров та қатысады. Ол "Кунг-фу Панда" мультфильмінің стиліндегі бағдарламасын орындайды. Шоудың ұзақтығы 2,5 сағат.
Гала-кеш барысында спортшылар көрсетілім бағдарламаларын ұсынады. Шоудың басталуы - Қазақстан уақытымен 23:55. Тікелей эфир "Qazsport" телеарнасынан көрсетіледі.
Естеріңізге сала кетейік, Михаил Шайдоров Милан мен Кортина-д’Ампеццо Олимпиадасында ерлер арасындағы жекелей сында алтын медаль жеңіп алып, Олимпиада чемпионы атанды. Бұл Қазақстан тарихындағы Қысқы Олимпиада ойындарындағы мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш алтын жүлде.
Ақ Олимпиада 22-ақпанда аяқталады.
