Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов және аталмыш ведомствоның тағы бір вице-министрі Ажар Ғиният «Спутник V» вакцинасының екінші дозасын салдырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Екпе денсаулық сақтау саласының жауапты басшыларына №6 қалалық емханада жүргізілді. Пациенттер вакцинаның алғашқы дозасынан кейін еш шағымы жоқтығын айтты.
Бұл жолы министрлік санитарлық талаптарды сақтау мақсатында медициналық мекемеге журналистерді шақырған жоқ. Вакцинация процесі «24 kz» телеарнасынан тікелей эфирден көрсетілді.
Екінші дозаны алғаннан кейін вице-министрлер журналистердің сұрақтарына жауап берді.
"Өзімізді жақсы сезінеміз, ешқандай жанама әсері байқалып отырған жоқ", - деді Ажар Ғиният.
Ғинияттың айтуынша, бүгінгі таңда "Спутник V" вакцинасының бірінші дозасын 19 мыңнан астам адам алған. 22 ақпаннан бастап медициналық мекемелерде вакцинаның екінші дозасы егіледі.
"Қазіргі таңда Қазақстанның 20 мыңға жуық азаматы бірінші дозаны алды. Олардың арасында әзірге COVID-19 жұқтырғандар жоқ", - деді Қиясов.
Сондай-ақ, ол коронавирусқа қарсы вакцинаны үлкен қызы да салдыратынын атап өтті. Айтуынша, қазір ол кезегін күтіп жүр.
"Отбасы мүшелерінің ішінде тек үлкен қызым ғана вакцина алатындардың тобында, ол - жоғары оқу орнының студенті. Вакцина салдыруға жазылып та қойды. Кезегі келгенде алады, әрине", - деді Қиясов.
Еске сала кетсек, Ерлан Қиясов пен Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцинаның алғашқы дозасын 1 ақпанда салдырған болатын. Вице-министрлерге ресейлік «Sputnik V» вакцинасы егілді. Егуден бұрын олар тексеруден өтіп, вакцина салдыруға қарсы көрсетілімі жоқ екені анықталған. Бұл жолы да препаратты алдымен Ерлан Қиясов, одан кейін Ажар Ғиният алды.
Бұған дейін ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева «Коронавирус вакцинасын салдырғанға дейін және одан кейін оқшаулану керек пе?» деген сұраққа жауап берген болатын.
«Шын мәнінде оқшаулану – адамдардың басқа біреулерге вирус жұқтыруының алдын алу үшін керек. Мұндай жағдайда коронавирус вакцинасын салдырғанға дейін және одан кейін оқшауланудың қажеті жоқ. Бірақ адамдар ең алдымен, өзінің қауіпсіздігін ойлауға тиіс. Сол себепті вакцина алатын адам үшін толығымен карантин режимін сақтаған дұрыс. Вакцина салдыратын кез келген адамның ең біріншіден, дені сау болуы керек. Екпе алған адам қоршаған ортаға қауіпсіз. Вакциналанған адамға коронавирус жұқпайды. Яғни, вакцина құрамында инфекциялық негіз жоқ», - деді Нұршай Әзімбаева.