02 ақп, 2026 сағат 16:36

Баланы ұрып-соғып, камераға түсірген: Таразда қылмыстық іс қозғалды

Фото: видеодан кадр

Жамбыл облысында кәмелетке толмаған баланы соққыға жығу дерегі бойынша құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.

Алдын ала мәліметке сәйкес, Тараз қаласының тұрғыны өз ұлын бұрынғы жұбайынан кек алу мақсатында ұрып-соғып, бұл әрекетті видеоға түсірген.

Оқиға барысында әйел баласын ұруға екінші кәмелетке толмаған баланы да мәжбүрлегені белгілі болды. Қазіргі уақытта жәбірленуші балаға сот-медициналық сараптама тағайындалып, денсаулығына келтірілген зиянның ауырлық дәрежесі анықталуда.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева бұл дерек бойынша мәлімет өткен аптада түскенін растады. Оның айтуынша, аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, балалар қауіпсіздігі үшін арнайы мекемеге орналастырылған.

«Өткен аптада Жамбыл облысында ананың баласын соққыға жыққаны туралы хабар түсті. Қылмыстық іс қозғалды. Балалар мекемеге орналастырылды», – деп жазды омбудсмен әлеуметтік желідегі парақшасында.


Аталған жағдайға байланысты ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті де пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталып, қажетті сараптамалар тағайындалған. Балалар Қамқорлық үйіне орналастырылып, оларға медициналық көмек көрсетілген, қазіргі жағдайлары тұрақты.

Комитет өкілдері балаларға қатыгездік көрсетуге жол берілмейтінін атап өтіп, кінәлі тұлғалар заң аясында жауапкершілікке тартылатынын мәлімдеді. Сонымен қатар ата-ана құқығынан айыру мәселесі кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия отырысында қаралатын болады.