Бүгінгі балаларды гаджеттен алыстату қиын заманда оларды кітапқа баулу, дұрыс әдеттер қалыптастыру қиынның қияметіне айналды. Кейде тіпті таңды таңға ұрып компьютер ойындары мен әлеуметтік желілерден бас алмайтын да балалар бар екені жасырын емес. Көгілдір экранаға телмірген баланы ұйықтатамын деп әуре-сарсаңға түскен ата-аналар жетіп артылады.
Балада ұйқы режимінің дұрыс қалыптасуы оның физикалық және менталды дамуына зор ықпал етеді дейді мамандар. Сондықтан балақандарды белгілі бір уақытта ұйқыға жатқызу үшін арнайы ритуалдар жасаған жөн. Мысалы ұйқы алдында жуыну, пижама кию, төсек салу сияқты әрекеттердің өзі баланың миын ұйқыға дайындайтын көрінеді. Сөйтіп, оның тез ұйықтап кетуіне мүмкіндік береді. Осы әдеттерге ұйқы алдында аз-кем кітап оқу дағдысын да жатқызуға болады екен.
Оқиғаларға толы белсенді күннен кейін, баланың санасын тыныштандыратын кітап оқу маңызды дейді психологтар. Олар оқиғалары бірқалыпты өрбитін, баланың назарын жағымды ойларға қарай бұра алатын, бояуы аса қанық емес, бірақ көңілді түстерден тұратын кітап болғаны абзал.
24 қарашада баланы ұйқыға дайындайтын «Ұйықтамақ» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Кітап авторы IT маманы, ғалым Әйгерім Кеулімжай осы кітапты жазғандағы мақсаты балаларды кітапқа баулып, дұрыс әдет қалыптастыру екенін айтады.
«Өзім IT маманы болсам да, балаларға арналған тақпақтар мен ертегілер жазу бала күннен келе жатқан сүйікті ісім десем болады. Балаларға арналған кітап шығаруды он жылдан бері армандап жүрген едім. Соның сәті енді түсті», -дейді Әйгерім Кеулімжай.
Кітап авторының сөзінше «Ұйықтамақты» 1 жасқа толмаған балаларға да оқып беруге болады. Себебі кітаптағы картиналар нәрестелердің де қабылдауына ауыр тимейді.
Айта кетейік, сәбилерге кітап оқу оның ақыл-ойының дамуына, таным-түсінігінің кеңеюіне және тілінің анық шығуына септігін тигізеді дейді мамандар.
Әйгерім Кеулімжай кітап шығарарда кітаптың мазмұны, көлемі, пішіні мен қолданылған иллюстрациялар және түстерді психолог мамандармен ақылдаса отырып таңдағанын айтады.
Кітапқа рецензия білдірген балалар және жасөспірімдер психологы Сымбат Айжарықтың пікірінше «Ұйықтамақ» кітапбын балаларды түнгі ұйқыға дайындауға арналған көмекші құрал деуге болады.
«Ұйқыға кетер алдындағы тұрақты әдет-дағды қалыптастыру баланың тыныш, жақсы ұйықтауына көмектеседі. Тақпақ түрінде болуының артықшылығы - жаттауға оңай әрі рет-ретімен, өздігінен әрекет етуіне септігін тигізіп, өзіне сенімін нығайтады», -дейді психолог.
«Ұйықтамақ» Әйгерім Кеулімжайдың алғашқы кітабы. Ол осы сериадан тағы 4 кітап шығаруды жоспарлап отыр. Олар: «Үйретпек», «Елгезек», «Оянбақ» және «Жуынбақ» деп аталады.