Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық сақтау басқармасы Арыстағы жарылыс кезінде көлік астына түсіп, елордадағы №2 ауруханаға жеткізілген Аян Шәріпбаевтың қайтыс болғанын растады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бала 28 маусым күні Шымкент қаласынан елордаға жеткізілді. Ол ауыр жағдайда, түрлі дене жарақатымен келіп түсті. Баланы аман алып қалу үшін бар жағдай жасалып, мамандар жұмылдырылды. Отандық дәрігерлерден бөлек, арнайы Мәскеуден нейрохирург маман шақырылды. Осы уақытқа дейін тиісті ем-шарамен қатар, 25 шілде күні оның басына ота жасалды», - дейді қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Ана мен баланы қорғау бөлімінің басшысы Әйгерім Лебаева.
Оның айтуынша, бала бүгін таңертең сағат 09:00-де көз жұмған.
Еске салсақ, ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Арыс апаты кезінде көлік астына түсіп, ауыр жарақат алған 7 жасар Аян Шәріпбаевтың жағдайы өзгеріссіз екенін, тіпті шетелдік нейрохирургтарға көрсеткенін айтқан болатын.