8 ақпанда сағат 02.20-да Алматы қаласы Медеу ауданының Тау-Самал шағын ауданында алдын ала ақпарат бойынша техногендік сипаттағы топырақтың ылғалдануынан лай көшкіні түсті, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, оқиға орнына Қазселденқорғаудың, Алматы қаласы 109 құтқару қызметінің, Республикалық жедел-құтқару жасағының, Алматы ТЖД күштері мен құралдары жіберілді. Оқиға орнына келген кезде лай көшкіні салдарынан екі үйге зақым келгені анықталды.
Оқиға орнында ТЖД басшылығы бар. ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары тексеру жүргізуде.
Жағдайды талдауға сәйкес, қардың едәуір мөлшерінің түсуіне байланысты орта таулы және биік таулы аймақтарда таулардың беткейлеріндегі қардың тұрақсыздығына байланысты қар көшкіні қаупі бар.
Техногенді сипаттағы топырақтың батпақтануынан көлемі 3200 текше метр лай көшкіні түсті. 2 жеке тұрғын үйге, оның ішінде біреуіне ішінара зақым келді.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, үйлерде төрт адам, оның ішінде екі бала болған.
Оқиға орнында "Қазселденқорғау" ММ, Алматы қаласының "109 құтқару қызметі" ММ, Республикалық жедел-құтқару жасағынан, Алматы қаласы ТЖД, ТЖМ 28237 әскери бөлімінен, жедел медициналық көмек бригадасынан, Медеу ауданының әкімдігінен 160-тан астам адам және 30 бірлік техника жұмылдырылды.
Жақын маңдағы үйлердің тұрғындары эвакуацияланды. Жинау пунктіне орналастырылғаннан кейін бірнеше сағат өткен соң, тұрғындар өз еркімен достары мен туыстарына кетті.
Дәрігерлер бригадасы кезекшілікті жалғастыруда. Жергілікті жерде ТЖД психологиялық тобы жұмыс жасауда.
Айта кетейік, лай көшкіні - бұл еріген, жаңбыр немесе жер асты суларының балшық тәрізді күйге қанығуына байланысты ауырлық күшінің әсерінен төмен қарай жылжыған тереңдігі бір метрге дейінгі қуаты аз топырақ қабатының жолағы.