20 там, 2024 сағат 10:46

Алматылық Олимпиада жүлдегерлеріне пәтер мен көлік берілді

Фото: Алматы әкімдігі

Алматы әкімі Ерболат Досаев Парижде өткен Олимпиада ойындарына қатысқан алматылық спортшылармен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Алматы әкімдігіне сілтеме жасап.

Шаһар басшысы спортшылар мен жаттықтырушыларды Олимпиаданың күміс жүлдегері – гимнаст Нариман Құрбановты, қола жүлде алған – дзюдошы Ғұсман Қырғызбаевты, боксшы Назым Қызайбайды және оқ атудан сайысқа түскен мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаевты жетістіктерімен құттықтады. 

"Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен алматылық спортшылардың Қазақстан қоржынына көп медаль салғаны қуантады. Таланттарыңыздың, табандылығыңыздың және еңбекқорлығыңыздың арқасында сіздер маңызды да тарихи жеңіске қол жеткізіп, халықтың ыстық ықыласына ие болдыңыздар, әлемдік спорттың дамуына үлес қостыңыздар. Сіздер сүйікті іс пен туып-өскен елге, жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісісіздер", - деді Алматы әкімі Ерболат Досаев.


Фото: Алматы әкімдігі

Нариман Құрбановқа екі бөлмелі пәтердің, ал Ғұсман Қырғызбаевқа, Назым Қызайбайға, Александра Ле мен Ислам Сәтбаевқа бір бөлмелі пәтердің сертификаты табысталды.

Сонымен қатар спортшыларға 5 және 4 миллион теңгеден ақшалай сертификаттар және жаңа автокөліктердің кілті берілді. Әкімдік берген тұрғын үй сертификатымен бірге Нариман Құрбановқа демеушілер есебінен тағы бір пәтер сыйға тартылды. 

Олимпиадада елдің намысын қорғаған барлық алматылық спортшы мен бапкерлер құрамы ақшалай сертификаттармен марапатталды.