02 мам, 2020 сағат 19:19

Алматыда 4 мамырдан бастап ашылатын бизнеске қандай талап қойылады?

Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев онлайн брифинг барысында 4 мамырдан бастап жұмыс істеуіне рұқсат етілетін бизнеске қандай талаптар қойылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Президенті жанындағы ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия Алматы қаласында кәсіпорындардың қызметін жалғастырудың үшінші кезеңін іске қосуды мақұлдаған болатын. 

Осылайша 4 мамырдан бастап шаштараздар (алдын-ала жазылу бойынша), фотосалондар мен гүл дүңгіршектері, жылжымайтын мүлік компаниялары, айырбастау пункттері жұмысын қайта бастайды.

Қызмет көрсету саласы бойынша аяқ киім жөндеу, химиялық тазалау, баспа ісі бойынша нысандардың жұмысын іске қосуға рұқсат етілген.

Сондай-ақ, жұмыс кестесі сағат 17:00-ге дейін, алаңы 500 шаршы метрге дейін жеке тұрған азық-түлік сатпайтын (Сауда орталықтары, сауда ойын сауық орталығы, сауда үйлері кірмейді) дүкендердің қызметіне рұқсат берілді.

Осы кәсіпорындар Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «3-ші кезеңнің жекелеген салаларының нысандары қызметіне шектеулерді алып тастау тәртібі туралы» қаулысында жазылған санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтауға міндеттеледі. 

Олар алгоритмді орындаған жағдайда ғана қызметін жалғастыруға рұқсат етіледі.

«Алгоритм бірнеше кезеңнен тұрады. Біріншіден, Алматы қаласы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің «3-кезеңнің жекелеген салаларының нысандары қызметіне шектеу қою тәртібі туралы» қаулысымен (бұдан әрі - қаулы) танысу керек. Екіншіден, қаулының талаптарына сәйкес нысандарды дайындауға тиісті. Үшіншіден, дайындау процесі аяқталғаннан кейін - infoalmaty.kz сайтында тіркеліп, нысанның қаулы талаптарына сәйкес дайындалғанын растап, электрондық цифрлық қолтаңбамен хабарламаға қол қою арқылы кепілдік береді», - деді Сапарбек Тұяқбаев.

Өтінімді қабылдау ертең таңғы сағат 09.00-ден басталады.