01 мам, 2020 сағат 12:40

Әліпбидегі әріптердің орналасу реті туралы ойлансақ....

Жаңа жазу жүйесін құру кезінде (егер бұл процесті әліпби деңгейінде қарайтын болсақ) әліпби номинациясы талқыланып, жазба дәстүрді сақтайтын әліпби  тұжырымдамасы әзірленетіні белгілі.  

Әліпби түзуде ең алдымен әріптердің жалпы құрамы мен оның орналасу ретін анықтау  аса маңызды.  Тіл білімінде  әріптерді белгілі бір тәртіппен орналастырудың  белгілі бір деңгейде  қатып қалған   негіздемесі жоқ.  Бірақ  жазба тілдің белгілі бір стандартты құрылу керектігімен байланысты  әліпбидің  реті  тіл білімінде белгілі бір жүйеге негізделеді. Олар: мнемоникалық, фонологиялық және  дәстүрлі жүйелер.

 Мнемоникалық тәртіп бойынша әріптер тұтас  атау бойынша, яғни фразалық тұтасқан атауы  негізге алынады. Мнемоникалық жүйе әліпби тарихымен байланысты қарастырылады.    Мысалы,  кирил  әліпбидегі  жеке әріптердің  атауы а – аз, б – буки, в – види, д – добро, л – люди, ф – ферт, фита, т – твердо, м – мыслете, н – наш, п – покой   түрінде айтылып,   әріптердің тұтас атауы бойынша реттелген.  Қазіргі кезде  тұтас атау емес,  дыбыстық тілге сәйкес келетін ең кіші бірліктің дыбыстық элементі  негізге алынатыны белгілі.

Әріптердің  тізбектелу ретінің келесі  түрі  – фонологиялық. Фонологиялық жүйе бойынша әліпбидегі мағына ажырататын  фонемалар  өзара  оппозициялық  белгілері арқылы анықталып, фонологиялық арақатынас моделін құрайды. Фонологиялық тәртіп бойынша  дауысты және  дауыссыз дыбыстар жеке-жеке жікке бөліне отырып, оппозициялық  белгілері бойынша  реттеледі.  Белгілі грамматолог ғалым А.А. Волков[1]  әліпбидегі фонологиялық реттілікті,  дыбыстардың фонологиялық жіктеліміне байланысты  қарастыра отырып,  девинагари әліпбиінің реті  фонологиялық жүйе арқылы іске асқан деп, мнемоникалық  және фонологиялық тәртіптілік  әріптердің  тізбектелуінің дәстүрлі формасының тууына негіз болған дейді.

Әріптердің дәстүрлі реттілігі әрбір  дыбыстық бөлшектің  микро элементін  негізге алынады. Әр әліпби жүйелерінің  (латын, араб, кирил әліпбилері) өзіндік қалыптасқан  дәстүрлі реттелігі болады.  Дәстүрлі реттілік ұлт тілінің тілдік заңдылығына (фонетика-фонологиялық) немесе   әріптерді меңгерту әдістемесіне,  оның  қолданылу жиілігіне байланысты шешіледі. Қазақ қоғамында қолданылған жазу түрлерін саралайтын болсақ,  әр кезеңде өмір сүрген әліпбидегі әріптердің реті мен тәртібі әртүрлі болғанын байқаймыз.

Қазіргі  қолданыстағы кириләліпбилі қазақ әліпбиіндегі реттілік бірнеше өзгерістерді басынан кешіріп барып реттелгенін  көруге болады. 1940 жылы ұсынылған қириләліпбилі алғашқы жобада[2] әріптердің жалпы құрамында  айырмашылық болғанымен (жобада  40 әріп берілсе,  бекітілген әліпбиде  41 әріп), реттілігінде   өзгешелік болмады (төмендегі кестені қараңыз).

Жоғарыдағы кестеден 1940 жылғы  әліпбиде орыс  әліпбиінің әріп тәртібі толық сақталып, ал қазақ тілінің  төл әріптері әліпбидің төменгі жағынан орналастырыла салғанын көреміз. Бұл кемшілік арада 17 жыл салып қана түзетіледі. 1957 жылы  қазақ орфографиясына біраз өзгерістермен қатар,  қазақ тіліндегі  төл графемалар «фонетикалық вариант» принципіне сәйкес  реттеліп, әліпби реті  қайта қаралғанын және түзетіледі. Латын графикасына негізделген  қазақ жазуында осы  қалыптасқан дәстүрлі реттілік сақтала ма? Латынәліпбилі қазақ жазуына көшуде әліпбидегі әріптердің реттілігі қандай  принциптерге байланысты реттеледі  деген  мәселеге де ерекше назар аудару қажет.   

Кирилнегізді әліпбидегі әріп реті мен латыннегізді әліпбидегі әріп реті ұқсас. Мұның басты себебі, екі әліпбидің шығу тегі грек әліпбиі болуынан.  Әйтсе де  екі әліпбидегі әріп ретінде айырмашылықтар жоқ емес (кестені қараңыз). 

Латын графикасына көшкен түркі тілдері тәжірибесін бағдарлайтын болсақ,  түрік, өзбек, әзербайжан және түрікмен әліпбилеріндегі әріп реті латын стандартындағы әріптің тұрпат межесімен сәйкес (әріптің мазмұн межесіне  сәйкес емес) реттелген.  Алайда, W, X, Y, Z таңбаларына келгенде қатаң тәртіп бұзылғанын байқаймыз (төмендегі кестені  қараңыз).  Бірақ   классикалық латынның реттілігін түркі тілдес халықтар қолданып отырған  әліпбилерде сақталғанын байқау қиын емес. Онда әліпби реті  негізгі тірек  графема, одан кейін  тірек графеманың  диакретика арқылы түрленген  формасы  қатар  берілу арқылы жасалған.  Мысалы,  түрікмен әліпбиіндегі А мен ә  әрпінің әріп кескіні ұқсас болу себебінен, бірінші  тірек графема – Аа, одан кейін –Ä ä таңбасы берілген (төмендегі кестені  қараңыз). 

 

Жоғарыдағы кестеден байқағанымыздай,  барлық түркі тілдес халықтарының әліпби реті біршама сақталған. Ал  бекітілген қазақ әліпбиіндегі әріп реті   латын стандартына толық  сәйкеспейді. Ол  ш және ч әрпінің  диграфпен берілу себебінен деп түсінеміз.  Сондықтан жаңа әліпбиде латынның дәстүрлі базалық нормасын сақтай отырып, ш әрпін басқа да түркі тілдес халықтар әліпбиіндегі әріп тұрпатын негізге ала отырып, әліпби ретін  қайта қарастыруды талап етеді.

Ең алдымен қазақ әліпбиінің  реттілігі латыннегізді стандарт бойынша қарастырылса, түптөркін әліпбидің (латын) әріптерінің мазмұнына сәйкес емес, тұрпатына байланысты  қайта реттелуі керек деп ойлаймыз. Екіншіден,  әріп реті арқылы тілдің лексикографиялық жүйесі көрінеді. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды. Үшіншіден, әліпбидегі әріп реті  арқылы  математикалық шарттылық, санамалау немесе жіктеу  іске асады.  Бұл білім беруде және  жалпы ақпараттарды  ортақ заңдылықтар бойынша жіктеуде, жүйелеуде аса маңызды.   Төртіншіден, әліпби реті тіл жаттығына сәйкес қарастырылып,  әріптерді  жаттауда  тілиелмені үшін еш кедергісіз қабылдануы тиіс. Бесіншіден,  әліпби реті  әліпбиді меңгерту  әдістемесімен де байланысты.  Бәрімізге белгілі бастауыш сыныпта  оқушыларға  дыбыстардың жеңіл айтылуына, айқын естілуіне қарай топқа бөліп оқыту қағидасы қолданылады. Сонда дауысты дыбыстар ішінде жеңіл танылатыны деп а әрпін бірінші оқытып, одан кейін дауыссыз ш, с, л, р берілетінін білеміз.  Сауат ашудағы  осы  жайтты ескерсек, бекітілген  латынграфикалы әліпбиді әлі де реттеу керектігі көзге айқын көрінеді. Бірінші сыныптағы балаға бір  әріп -  бір дыбысқа сәйкесетінін түсіну қиын болмайды, ал  екі әріп қосындысы бір дыбысты білдіретінін  және оның   бір дыбыс емес  екі дыбыс болып  түрленетін тұсын айыру кімге болмасын қиынға соғары анық.   Сондықтан жаңа әліпби түзу барысында мынадай принциптер негізге алынуы тиіс деп ойлаймыз:

  1.  Әліпбидегі әріптердің реттілігі тілдің фонологиялық жүйесіне сәйкес келуі;
  2. Әліпби реті түпнегіз әліпбидің  базалық нормасына сәйкес болуы;
  3. Түптөркін әліпбидің (латын) әріптерінің мазмұнына сәйкес емес, тұрпатына байланысты  қайта реттелуі
  4. Түпнегіз әліпби арқылы жасалса да, ұлттық тілдің  фонетикалық заңдылығы негізге алынуы; 
  5. Әліпби реті  тілиелмені үшін еш кедергісіз қабылданылуы; 
  6. Сауат ашуда қиындық келтірмеуі тиіс.

Назира ӘМІРЖАНОВА,
филология ғылымының
кандидаты