Ақтөбе облысында автобустағы өрттен зардап шеккендердің аты-жөні белгілі болды, қазір оларды Ақтөбе қаласына апара жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Төтенше жағдайлар қызметі өрттен аман қалған үш қазақстандық және екі өзбек азаматының аты-жөнін жариялады. Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары – 1985 жылы туған Мақсат Пернебеков, 1978 жылы туған Барат Таңатаров пен 1968 жылы туған Нұржан Қырғызбаев, сондай-ақ Өзбекстан азаматтары – 1988 жылы туған Арор Искаков пен 1980 жылы туған Исраилджон Мирзахмедов тірі қалған.
Қазақстанның инвестиция және даму министрлігінің хабарлауынша, автобус Шымкенттен Ресейдің Қазан қаласына бара жатқан. Өрт болған жерге Жолдағы медициналық құтқару бекеті (4 адам және 1 техника), «ҚазАвтожол» өкілдері (5 адам және 4 техника), Ырғыз ауданының төтенше жағдай бөлімінің басшысы, Ырғыз ауданының өрт бөлімшесі (4 адам және 1 техника) және Қарабұтақ ауылының өрт сөндірушілері жіберілген.
Министрлік өртенген автобус міндетті техникалық байқаудан соңғы рет 2015 жылы тамызда өткенін, оның мерзімі 2016 жылы ақпанда аяқталғанын мәлімдеді.
Оңтүстік Қазақстан облыстық көлік басқармасының бөлімінің хабарлауынша, Ақтөбе облысында өртеніп кеткен автобус аталған облыста тіркелген, бірақ ауданаралық және облысаралық бағыттарда тұрақты қызмет көрсетпеген.
Қайғылы оқиға бүгін таңертең Ақтөбе қаласынан 320 шақырым жерде болған.