Фото: pm.kz
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қарағанды және Павлодар облыстарындағы өртке қатысты сұрақтарға жауап берді.
"Жаңа Үкімет отырысында Павлодар облысы ағаш отырғызу жағынан ең төменгі көрсеткішке ие деген сөз айтылды. Қазір Павлодарда орман өртеніп жатқаны белгілі. Өрттен келетін шығын бар. Павлодардағы жасыл желектердің мәселесі тіпті күрделеніп кетпей ме?" - деген Ult.kz тілшісінің сұрағына министр мәселе күрделенбейді деп жауап берді.
"Мәселе күрделенбейді, себебі өздеріңізге мәлім, 6 қазанға қараған таңда өрт басталды. Түске таман Павлодар облысын шарпыды. Баянауыл ұлттық саябағының жеріне кірді. Бірақ ол толығымен дала (степная зона). Бар-жоғы өрт шалғаны 13 га жалпақты ағаш түрлері. Бірақ ол төменгі сапты қамтыды, ағаштың арасын шарпып өтті. Ағаштар өздері аман. Сол себепті ешқандай кедергі жоқ, өзіміздің жоспарлы жұмысымызды жалғастырамыз", - деді Е.Нысанбаев.
"Қазіргі уақытта өрттің қанша бөлігі сөндірілді?" деген сұраққа да жауап берді.
"Өкінішке қарай, 6-сы күнгі желдің бағыты солтүстік-шығыстан соқса, кешеден бері оңтүстікке қарай ауысты. Қарқаралы жақтан ауысқандықтан, біраз қиындықтар туындап жатыр, бірақ ТЖМ айтуынша, бүгін өрт тоқтатылады. Біршама күштер жұмылдырылған. Орман емес, дала өртеніп жатқандықтан, кешке дейін сөндіріледі деп сенемін. Биыл жауын-шашын көп болды, шөп қалың, тез жанады. Қауіп-қатер кешке дейін шешіледі", - деді министр.
ТЖМ күштері қолдан келгенін жасап жатқанын айтып отыр. Ал Қарағанды облысында жағдай қиын екені хабарланды.
Бұған дейін Қарағанды облысының Қарқаралы ауданында мал қырылып жатқанын хабарлаған едік.
Айта кетейік, екі күннен бері сөнбей жатқан дала өрті екі облыстың 45 мың гектар жерін шарпыған. ТЖМ күштері қолдан келгенін жасап жатыр. Павлодар облысындағы 10 мың гектар жердегі өрт оқшауланған. Ал Қарағанды облысында жағдай қиын.