Орал қаласының тұрғыны Сабина Ищанова жол апатынан кейін өмірі түбегейлі өзгергенін айтып, кінәлі жүргізушінің әділ жаза алуын талап етіп отыр. Ауыр жүк көлігінің астында қалып, ауыр жарақат алған бойжеткен қазір апелляциялық сотқа жүгінген, деп хабарлайды ult.kz.
Turkystan.kz дерегінше, қайғылы оқиға кезінде Сабина емтиханнан шығып, жаяу жүргіншілер өткелімен жолдан өтіп бара жатқан. Сол сәтте ауыр жүк көлігі тоқтамай, оны қағып кеткен. Оқиғаның бейнебақылау камерасына түсіп қалғаны белгілі болды.
Жол-көлік оқиғасынан кейін дәрігерлер қыздың екі аяғын кесуге мәжбүр болуымыз мүмкін деген болжам айтқан. Алайда мамандар күрделі операцияларға барып, шашылып кеткен сүйектерін қайта қалпына келтіруге тырысқан. Соған қарамастан, Сабина әлі күнге дейін өздігінен еркін жүріп-тұра алмайды.
Бойжеткеннің айтуынша, апаттан кейін ол бірнеше ауыр операцияны бастан өткеріп, ұзақ уақыт жансақтау бөлімінде жатқан. Сол кездегі жан азабының салдарынан өмір сүргісі келмегенін де жасырмайды.
«Басында оны кешіруге тырыстым. Бірақ кейін ойландым: ол мені аяған жоқ, тіпті кешірім де сұрамады. Жансақтау бөлімінде жатқанда күн сайын дәрігерлерден мені өлтіруді сұрайтынмын. Бір айдың ішінде бес операция жасалды. Күн сайын таңу үшін наркоз алатынмын. Қанша өтемақы төлесе де, ешкім маған бұрынғы денсаулығымды қайтара алмайды», – дейді Сабина Ищанова.
Жәбірленушінің ауыр жағдайына байланысты сот процесі онлайн форматта өткен. Нәтижесінде жүк көлігінің жүргізушісі екі жылға бас бостандығынан айырылған. Алайда кейін рақымшылық туралы заңның аясында оның жазасы жеңілдетілген.
Мұндай шешіммен келіспеген Сабина мен оның жақындары істің әділ қаралуын талап етіп, апелляциялық сотқа шағым түсірген. Жәбірленуші тарап кінәлі азамат жасаған әрекетіне сай толық жауап беруі керек деп есептейді.