Жетісу облысында жүк пойызының машинисі теміржол маңында жалғыз жүрген төрт жасар баланы байқап, пойызды тоқтатып, оны локомотив кабинасына мінгізіп алған, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 20 қыркүйекте сағат 12:30 шамасында Сарыөзек – Үштөбе учаскесінің Тауарасы – Айнабұлақ аралығында болған. Бұл туралы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.
Пойыз шамамен 38 км/сағ жылдамдықпен қозғалып келе жатқан. Машинист баланы байқап, қызметтік тежеу арқылы пойызды тоқтатқан. Кейін оны локомотив кабинасына мінгізіп, болған жағдай туралы пойыз диспетчеріне хабарлаған.
Машинист баланың амандығына көз жеткізгеннен кейін оны Айнабұлақ станциясының кезекшісіне тапсырған. Станция қызметкері баланың ата-анасымен байланысқан.