Freedom Inside '26

Желіде қызу талқыланған курьер келіншек: министр күтпеген деректерді жариялады

Желіде қызу талқыланған курьер келіншек: министр күтпеген деректерді жариялады
Ашық дереккөзден

Әлеуметтік желіде сәбиін құшағына алып, курьер болып жүрген әйелдің видеосы қызу талқыға түскеннен кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев отбасының жағдайына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Министрдің айтуынша, көпшіліктің аяушылығын тудырған келіншек жалғызбасты ана емес. Ол жолдасымен бірге биыл 19 мамырда Шымкенттен Алматыға қоныс аударған. Ерлі-зайыптылардың екеуі де жоғары және техникалық білім алған.

– Біз бұл отбасының жағдайын зерттедік. Баланың әкесі – IT саласының маманы, анасы техникалық мамандық бойынша білім алған. Алматыға келгеннен кейін өз беттерімен табыс табуға кіріскен. Осындай жағдайда жастар алдымен мансап орталықтарына жүгінсе, оларға жұмыс ұсынылады, – деді Ертаев.

Министрдің мәліметінше, отбасының жеке көлігі мен несиесі бар, ал Шымкенттегі тұрмыстық жағдайы да ауыр болмаған.

– Ағасы ломбард бизнесімен айналысады, ата-анасы да жақсы тұрады, – деп атап өтті министр.

Сондай-ақ ведомство әйелді жұмысқа қабылдаған курьерлік қызметпен байланысқа шыққан. Министрді әсіресе жас ананың сәбиімен бірге жұмысқа шығуына кімнің рұқсат бергені алаңдатып отырғанын айтты.

– Кез келген курьер алдымен оқытылып, қауіпсіздік ережелерінен өтеді. Оны баламен бірге жұмысқа қалай шығарған? Бұл мәселе бізді алаңдатады. Компания өкілдері уақыт сұрады, келесі аптада тағы сөйлесеміз. Мұндай жағдайларда нақты тәртіп болуы керек, – деді Ертаев.