Жанар Айжанова үйлену тойында берілетін тортқа шүйлікті

Жанар Айжанова үйлену тойында берілетін тортқа шүйлікті
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Әнші Жанар Айжанова үйлену тойында торттың алғашқы бөлігін кімге беру керек деген таласқа қатысты пікір білдірді,  деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі қуанышты сәтте мұндай рәсімге бола ренжісуді орынсыз санайды. Оның сөзінше, тортқа қатысты дау кейде үлкен жанжалға ұласып, жас жұбайлардың арасына сызат түсіреді.

"Тортты бермей-ақ қойса екен. Екі жастың тәтті торт жеп отырғанын көрсе жетпей ме? Міндетті түрде анасына, енесіне, ата-анасына беру керек деген не әдет? Кішкентай балалар тәттіні жақсы көреді ғой, соларға берсін. Не болмаса даяшыларға берсін. Осы торттың дауынан қазір ажырасуға дейін барып жатыр", – деді әнші.

Айта кетейік, Жанар Айжанова қазақы тәрбие туралы айтты.

Жанар Айжанова кім? 
 

Жанар Айжанова - қазақстандық әнші әрі актриса. Ол 1968 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Тұмалыкөл ауылында дүниеге келген. 1995 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің музыка факультетін бітірген.

Өнердегі еңбек жолын аудандық мәдениет үйінен бастаған. 1985–1986 жылдары Шалқар аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болып жұмыс істеген. Кейін кәсіби сахнаға шығып, 1991–2000 жылдары Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясында, «Адырна» фольклорлық-этнографиялық ансамблінде еңбек еткен.

Әншінің репертуарында халық әндерімен қатар, лирикалық және эстрадалық туындылар бар. Оның орындауындағы «Балқадиша», «Махаббат назы», «Құрдасым», «Бәрінен де сен сұлу», «Қазақ қызы», «Ауылым әнім», «Тобылғы сай» секілді әндер музыкалық платформаларда жарияланған.

Жанар Айжанова актерлік қырымен де танылған. Ол отандық телехикаяларға түсіп, соның ішінде ене рөлдерін сомдаған. Көрерменге әнші ретінде де, экрандағы кейіпкерлері арқылы да таныс.

Өнер иесі сұхбаттарында отбасы, әйелдің өмірі, бала тәрбиесі және қазақы салт-дәстүр туралы ойын ашық айтады.