Экономикалық өсім мұнай бағасының жоғары болуы, ішкі сұраныстың серпінді дамуы және инвестициялар ағынының арқасында тұрақты болып отыр. Бұл туралы Халықаралық валюта қоры хабарлайды, деп жазады ult.kz.
Банктердің капиталы мен өтімділігі жеткілікті деңгейде сақталған. Алайда соңғы уақытта инфляцияның төмендегеніне қарамастан, оның деңгейі әлі де жоғары болып қалуда. Сонымен қатар мұнай экспортының тұрақтылығына қатысты тәуекелдер экономикалық болжамдарға кері әсер етуі мүмкін.
Болжам бойынша, мұнай бағасының өсуі бюджет теңгерімі мен сыртқы экономикалық жағдайдың нығаюына ықпал етеді. Үкіметтің инфляцияны төмендетуге бағытталған бірлескен іс-қимыл бағдарламасын қолдаудың негізгі шарты – бюджеттік тәртіпті сақтау және шығындардың тиімділігін арттыру.
Ақша-кредит саясаты инфляция бойынша белгіленген мақсатты көрсеткішке қол жеткізуге бағытталуы тиіс. Ол үшін қатаң ақша-кредит шарттарын сақтау және квазимемлекеттік шығындарды бақылау арқылы экономиканың қызып кетуіне жол бермеу қажет.
Астана қаласында 2026 жылғы 3–12 маусым аралығында Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) сарапшылар тобы Қазақстанда жұмыс сапарымен болды. Делегацияны Амина Лареш басқарды. Сапар барысында елдің экономикалық даму үрдістері, болашағы және экономикалық саясаттың басымдықтары талқыланды.
Сапар қорытындысы бойынша Амина Лареш мынадай мәлімдеме жасады:
«Каспий құбыр консорциумындағы төтенше жағдай салдарынан мұнай өндіру көлемінің қысқаруына байланысты экономикалық өсім баяулап, қалыпты деңгейге түсті. 2026 жылдың алғашқы бес айында нақты ішкі жалпы өнімнің өсімі 3,7 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш 2025 жылдың соңындағы 6,5 пайыздан төмен. Дегенмен қызмет көрсету, көлік, құрылыс және өңдеу өнеркәсібі салаларындағы тұрақты көрсеткіштер мұнай өндірісінің төмендеуін белгілі бір деңгейде өтеді.
ХВҚ миссиясының болжамына сәйкес, мұнай бағасының өсуі, өндірістің тұрақтануы, халықты несиелеу қарқынының баяулауы және бюджеттік консолидация нәтижесінде 2026 жылы Қазақстан экономикасы шамамен 4,6 пайызға өседі.
Инфляция мақсатты деңгейден айтарлықтай жоғары болып отырғандықтан, инфляция 5 пайыздық нысаналы көрсеткішке тұрақты түрде жақындағанға дейін қатаң ақша-кредит саясатын сақтау қажет. Инфляция 2025 жылғы қыркүйектегі 12,9 пайыздан 2026 жылғы мамырда 10,4 пайызға дейін төмендеді. Осыған байланысты Қазақстан Ұлттық Банкі 2026 жылғы маусымда базалық мөлшерлемені 100 базистік тармаққа қысқартты.
Соған қарамастан, биыл инфляция шамамен 10 пайыз деңгейінде сақталады деп күтілуде. Бағаға сыртқы қысымның артуы, квазимемлекеттік қызметтің кеңеюі, екінші жартыжылдықтағы күрделі шығындардың қаржыландырылуы және коммуналдық тарифтердің кезең-кезеңімен көтерілуі инфляцияның қайта жеделдеу қаупін туындатады.
Артық өтімділікті қысқартуға бағытталған шаралар, оның ішінде резервтік талаптарды арттыру және Ұлттық Банк ноталарының эмиссиясын көбейту инфляциялық қысымды төмендетуге көмектеседі. Егер инфляцияның төмендеу үрдісі тоқтаса, Ұлттық Банк ақша-кредит саясатын қайта қатаңдатуға дайын болуы тиіс.
Мұнай бағасының өсуі мен салық реформалары бюджет пен төлем балансының жақсаруына ықпал етеді деп күтілуде. 2026 жылы жаңа Салық кодексінің енгізілуі және шығындарды ұстамды деңгейде сақтау нәтижесінде мұнайдан тыс бюджет тапшылығының азаюы болжанып отыр.
Салық базасын кеңейту, кірістерді цифрландыру арқылы әкімшілендіруді күшейту және жеңілдіктерді қысқарту – дұрыс бағыттағы қадамдар. Олар бюджеттік тәртіпті нығайтуға мүмкіндік береді.
2025 жылы ІЖӨ-нің 4,1 пайызы көлемінде тапшылық көрсеткен ағымдағы операциялар шоты 2026 жылы шағын профицитке шығуы мүмкін. Бұған экспорт көлемінің ұлғаюы әсер етеді. Қазақстанның халықаралық резервтері жеткілікті деңгейде және импортты шамамен 10 ай бойы қаржыландыруға мүмкіндік береді.
Банк секторында тұрақтылық сақталуда. Капиталдандыру, өтімділік және табыстылық деңгейі жеткілікті. Жеке тұлғаларды несиелеуге қатысты контрциклдік капитал буферін енгізу және басқа да пруденциялық шаралар тұтынушылық несиелеудің өсу қарқынын бәсеңдетті.
Проблемалық несиелердің үлесі төмен деңгейде қалып отыр, ал олар бойынша қалыптастырылған резервтер жеткілікті. Мемлекеттік органдар активтердің сапасын мұқият бақылауда ұстап отыр. Жаңа «Банктер және банк қызметі туралы» заңда проблемалық банктерді реттеу тетіктерін жетілдіру көзделген.
Экономикаға қатысты тәуекелдер жалпы алғанда теңгерімді бағаланады. Ішкі сұраныстың шамадан тыс өсуі немесе импорт бағасының қымбаттауы инфляцияның қайта жеделдеуіне әкелуі мүмкін. Әлемдік экономикалық белгісіздік пен қаржылық жағдайлардың қатаюы инвестициялар ағынын баяулатуы ықтимал. Сонымен қатар Каспий құбыр консорциумындағы ықтимал іркілістер экономикалық өсімге қауіп төндіреді.
Ал оң факторларға келсек, мұнай бағасының жоғары деңгейде сақталуы, Үкіметтің инфляцияны төмендету бағдарламасын тиімді жүзеге асыруы және коммуналдық тарифтерді реформалаудың дұрыс жүргізілуі бюджеттік және сыртқы резервтерді нығайтып, инфляциялық күтулерді тұрақтандыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан инфляциямен күресті күшейтіп, экономикалық өсім әлеуетін арттыру үшін макроэкономикалық саясат құралдарын жетілдіруі және құрылымдық реформаларды тереңдетуі қажет. Басым бағыттар қатарында мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту, жеке инвестицияларды көбейту, капитал нарықтарын дамыту және кадрлық, материалдық әрі цифрлық инфрақұрылымды жаңғырту бар.
Бюджеттік және квазимемлекеттік тәртіпті нығайту, мемлекеттік шығындардың тиімділігін арттыру, сондай-ақ бюджеттік және Ұлттық қор қаражатының мақсатты жұмсалуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық теңгені енгізу инфляцияны тежеуге және экономиканың ұзақ мерзімді әрі әртараптандырылған өсімін қамтамасыз етуге көмектеседі.
ХВҚ сарапшылар тобы Қазақстан билігі мен барлық әріптестеріне ынтымақтастық пен қонақжайлық үшін алғыс білдірді.