Харассмент заңмен реттеледі: жұмыс берушілердің жауапкершілігі күшейеді

Харассмент заңмен реттеледі: жұмыс берушілердің жауапкершілігі күшейеді
psychologies.ru

Қазақстанда жұмыс орнындағы харассмент пен жыныстық сипаттағы қысымға қарсы заңнамалық нормалар енгізу жоспарланып отыр. Тиісті заң жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірледі, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл туралы ведомство басшысы Асқарбек Ертаев Үкіметтегі брифинг барысында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, түзетулер Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдары негізінде дайындалған. Құжатта харассмент пен жыныстық сипаттағы қысым ұғымдары нақты айқындалып, мұндай жағдайлар анықталған кезде жұмыс берушілердің жауапкершілігі қарастырылған.

Қазіргі уақытта заң жобасы бизнес қауымдастық өкілдерімен талқылану үстінде. Оны биыл күзде Парламент қарауына енгізу жоспарланып отыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының 2022 жылғы деректеріне сәйкес, әлемдегі қызметкерлердің шамамен 23 пайызы жұмыс орнында зорлық-зомбылыққа немесе жыныстық сипаттағы қысымға ұшырайды. Алайда халықаралық ұйым бұл көрсеткіш нақты жағдайды толық қамтымайтынын, себебі көптеген азаматтардың мұндай оқиғалар туралы хабарлауға батылы жетпейтінін атап өткен.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда «харассмент» ұғымын заңнамалық деңгейде бекіту мәселесі көтерілген болатын.