"Хайп жинамай-ақ қойшы": Гүлзира Айдарбекова Назгүл Сәтбаеваның сынына жауап қатты

"Хайп жинамай-ақ қойшы": Гүлзира Айдарбекова Назгүл Сәтбаеваның сынына жауап қатты
Фото-коллаж: ult.kz

Әнші Қайрат Нұртастың анасы, кәсіпкер Гүлзира Айдарбекова танымал тұлғалардың бизнесін сынға алған Назгүл Сәтбаеваға наразылығын білдірді. Ол өзіне тиесілі дүкеннің тазалығы туралы айтылған сөздерді жоққа шығарып, кәсіпкерді жұлдыздардың атын пайдаланып танымал болуға тырысты деп айыптады, деп хабарлайды ult.kz.

Еске сала кетейік, осыған дейін Ult.kz кәсіпкер әрі бизнес туралы кітап авторы Назгүл Сәтбаеваның шоу-бизнес өкілдеріне тиесілі кәсіпорындар туралы пікірін жариялаған еді.

Сәтбаева қазақстандық танымал адамдар ашқан бірнеше дүкен мен сұлулық салонына барғанын айтып, ондағы қызмет көрсету деңгейіне көңілі толмағанын жеткізген. Ол мысал ретінде Гүлзира Айдарбекованың дүкенін, Жазира Байырбекованың салонын және Аша Матайдың кәсібін атаған.

Кәсіпкердің пікірінше, кейбір танымал тұлғалар бизнесті дамытуда өздерінің атағы мен әлеуметтік желідегі аудиториясына арқа сүйейді. Ал қызмет көрсету сапасын жақсарту мен білікті мамандарды жұмысқа тарту мәселесіне жеткілікті көңіл бөлінбейді.

Алайда бұл пікір Гүлзира Айдарбековаға ұнамаған. Ол өз дүкенінің тазалығына қатысты айтылған сынмен келіспей, Назгүл Сәтбаеваға жауап қайтарды.

"Бояушы, бояушы дегенге сақалын бояпты» дегендей, ақылшы болып елді таңғалдырып, атағы бар адамдардың артынан сөйлеп, хайп жинап, подписчик көбейтпей-ақ қойшы. Біздің дүкеннің тазалығындай дүкен ашып, жасап көр алдымен. Осы мін іздеп, тырнақ астынан кір тауып отыратындардан қалдық қой", – деді Гүлзира Айдарбекова.

Сондай-ақ ол Назгүл Сәтбаеваны өзгелердің кәсібінен кемшілік іздеудің орнына өз жетістіктерін немесе анасының кәсіпкерлік тәжірибесін үлгі етуге шақырды.

Гүлзира Айдарбекованың бұл сөзіне Назгүл Сәтбаева да үнсіз қалмады. Ол ешкімді әдейі қаралауды көздемегенін айтып, өзінің пікірін түсіндірді. Сәтбаеваның сөзінше, айтылған сын өнер адамдарының шығармашылығына немесе жеке басына емес, олардың кәсіпкерлік қызметіне қатысты болған.

Осылайша, кәсіпкердің қызмет көрсету сапасы туралы пікірі екі тараптың арасындағы ашық пікірталасқа ұласты.

Айта кетейік, Назгүл Сәтбаеваның дүкендер мен салондардың тазалығы және қызмет көрсету сапасына қатысты айтқандары оның жеке бағасы болып саналады. Бұл мәлімдемелер тәуелсіз тексеріс нәтижесімен расталғаны туралы ақпарат келтірілмеген.