Вьетнамда ұсталды деген блогер Қамзаға қатысты СІМ нақты мәлімет берді: экстрадиция қаралуда

Вьетнамда ұсталды деген блогер Қамзаға қатысты СІМ нақты мәлімет берді: экстрадиция қаралуда
Instagram

Вьетнамда еркін жүрмін деп видео жариялаған қазақстандық блогер Қайсар Қамзаға қатысты Сыртқы істер министрлігі жаңа ақпарат таратты. Қазір оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қаралып жатыр., деп хабарлайды ult.kz.

СІМ ресми өкілі Ерлан Жетібайдың айтуынша, қазіргі дерек бойынша Қайсар Қамза Вьетнам аумағында ұсталған.

– Біздің мәліметке сәйкес, бұл азамат Вьетнамда ұсталған. Оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі қарастырылуда, – деді ол брифингте.

Ведомство өкілі шетелде ұсталған азаматтарды қайтару процесі Бас прокуратура құзыретінде екенін де атап өтті.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі Қайсар Қамзаны заңсыз онлайн-казино ұйымдастырды деген күдікпен халықаралық іздеуге жариялаған. Тергеу деректеріне сәйкес, оның заңсыз қызметтен тапқан табысы 100 миллион теңгеден асқан, қаражат криптовалюта арқылы шығарылған.

Айта кетейік, блогер 1 мамыр күні әлеуметтік желіде Вьетнамнан видео жариялап, Нячанг қаласында еркін жүргенін және ұсталғаны туралы ақпаратты жоққа шығарған еді. Алайда бұған дейін бірқатар БАҚ оны Вьетнамда Интерпол және жергілікті полицияның қатысуымен ұсталғанын хабарлаған.

Қазіргі таңда оны Қазақстанға қайтару мәселесі ресми деңгейде қаралып жатыр.