Үш ғасырға жуық тарихы бар Мемлекеттік Эрмитаж музейінің экспонаттары Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне арнайы әкелінді.
«ЭКСПО» Халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында ұйымдастырылған «Шығыс және Батыс: мемлекеттік Эрмитаж қорынан көне қару-жарақ» көрмесіне 70-ке жуық қару-жарақ өнер туындылары, соның ішінде, Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания елдерінің соғыс, аңшылық, және салтанатты қарулары қойылды. Көрмеден әр елдің қылыш, қанжар, сауыт-сайман, дулығалар және ер үзеңгілерінің үлгілерін тамашалауға болады.
Жалпы көрменің хронологиялық шеңбері XV-XIX ғасыр аралығындағы қару-жарақ қолөнерінің тарихи кезеңін қамтиды. Көрменің ашылу салтанатында алғашқы сөз алған ҚР Мемлекеттік хатшысы Г. Әбдіқалықова:
«Ресей мен Қазақстан арасындағы байланыс тарихтың терең қойнауларынан басталып, бүгінгі күнге дейін қаймағы бұзылмай келеді. Бұл – екі ел арасындағы бір-біріне деген сенімділіктің арқасы. Бүгінгі көрме сол екі ел арасындағы үлкен достықтың тағы бір көрінісі және біздің еліміз үшін үлкен мәдени жаңалық. Осы көрмеге қойылып отырған қару-жарақтарға қарап, олардың жасалу мақсаттарына байланысты қолданылмай, өнер туындысы ретінде көріп отырғанымызға шын қуаныштымыз», – деді.
Аталған көрмеге қойылған қаруларды ешкім ешкімге кезенбеген. Яғни, олар ұрыс алаңдарының куәгері ретінде емес, көркем қиялдан туған шеберлердің озық туындысы ретінде бағаланады. Қарулар негізінен металдан жасалған. Оларды әшекейлеу барысында мыс, алтын, күміс сынды бағалы тастар қолданылған.
Адамзат қоғамының алғашқы кезеңдерінде-ақ қару аса қажетті дүние ретінде маңызды болған. Алғашқыда қорғану, аң аулау, тамақ табу үшін қолданысқа енген қару түрлері кейінірек адамның тәуелсіздігін, үстемдігін, еркіндігін айғақтайтын қадірлі затқа айналды. Бай, кедей, ақсүйек немесе қарапайым шаруалар болсын, әрқайсысы өз қаруын барынан жоғары бағалады. Қару – оның асы, қару оның – жұмысы, қару оның – өмірінің жалғасы. Бертін келе қару-жарақ белгілі бір топтардың мықтылығын көрсетсе, қазіргі күні қаруға қарап, бүкіл бір мемлекеттің қуаттылығына баға беріледі.
Мемлекеттік Эрмитаж музейінің ежелгі қару-жарақ топтамасы XIX ғасырдың бас кезінен қалыптасқаны белгілі. Император І Николайға бала кезінде алғаш рет түрік қылышы сыйға тартылады. Осыдан кейін жас ханзада қару-жараққа қызығып, олардың әр түрін жинай бастайды. 1834 жылы жиналған қару түрлерінің топтамасына арнайы қамал түрінде ғимарат салғызып, барлығын сонда көшіреді. 1850 жылы жан-жақтан әкелінген қару түрлерінің саны 5000-нан асқан. 1856 жылы ІІІ Александрдың шешімімен жәдігерлер Эрмитажға көшіріліп, 1888 жылы алғашқы экпозиция ашылылған.
Ұлттық музейдің төрінен орын алған әлемге әйгілі Эрмитаж экспонаттарынан әр ұлттың өз нақышын байқау қиын емес. Үнділердің «Чихалта хазар маша сауыт-сайманы» мың шегеден жасалған киім деген мағына береді. Ол – ұзын (тізеге жететін) шекпеннен және көп қабатты (қырыққа жуық) болат пластиналардан, латун шегелерінен жасалған сауыт. Өте жеңіл, қозғалуға ыңғайлы деп таныстырылды. Үнді халқына тән өрнектермен сәнделген. Ал жапондықтардың сауыт-сайманына бір қарағанда, әскери киім емес, қорқынышты фильмдердің жағымсыз кейіпкерін көргендей боласың. Жапондық әскер мұндай сауытты жауға қарсы шығудан көрі, барынша өзін аман сақтап қалу үшін киетіндей. Себебі болат, темір, лак, тері, аттың қылы секілді көп дүниеден жасалған сауытпен соғысу былай тұрсын, қозғалудың өзі бір мұң ба деп қаласың.
Ләйлә Ноғайбек
ҚР Ұлттық музейі қызметкері