«Үйленеміз деп ойламадық»: Дариға Бадықова Олжас Абайға қалай тұрмысқа шыққанын айтты

«Үйленеміз деп ойламадық»: Дариға Бадықова Олжас Абайға қалай тұрмысқа шыққанын айтты
Фото-коллаж: ult.kz

Танымал актриса Дариға Бадықова жұбайы, актер Олжас Абаймен қарым-қатынасының қалай басталғанын және екеуінің шаңырақ көтеруге қалай шешім қабылдағанын айтып берді. Өнер иесі сүйіктісінің қалай сөз салғанын да жасырмады, деп хабарлайды ult.kz.

Актриса Instagram парақшасында Олжас Абаймен өткен құдалық рәсімінен суреттер жариялап, көпшілікке осы күнге дейін белгісіз болып келген естеліктерімен бөлісті.

Дариғаның айтуынша, екеуінің арасында алғашында махаббат болмаған. Олар тек жұмыс барысында араласып, түсірілім алаңында бірге жүрген. Тіпті жиі келіспей, сөзге келіп қалатын кездері де болыпты.

«Жалпы біз кездескен күннен махаббат болған жоқ! Тек жұмыс, түсірілім деп жүрдік. Күнде ұрысып қалатынымыз. Ол да қайтпайды, мен де қайтпаймын», – деп жазды актриса.

Уақыт өте келе олардың қарым-қатынасы өзгере бастаған. Дегенмен екеуі бірден тіл табысып кете алмаған. Актриса тіпті бір-бірін әлеуметтік желіде бұғаттап тастаған кездері болғанын жасырмады.

«Оқырмандарым жазып жатыр, тіпті бір-біріңізден отписка жасаған кездеріңіз болды ғой деп. Иә, бала сияқты блокқа жіберетінбіз. Бізге махаббат оңай келмеді. Үйленеміз деген шешімге бірден келмеді. Жауапкершіліктен қорқып та жүрдік», – деді ол.

Актрисаның сөзінше, бір күні екеуі ашық сөйлесіп, қарым-қатынастарын тоқтатуға шешім қабылдаған. Осылайша әрқайсысы өз жолымен кеткен.

«Бір күні отырып сөйлестік, болды, осымен тоқтатайық деп. Екі жаққа кеттік. Қой, құрсын, өз-өзімізді қолға алайық деп. Сылтау іздеп, қолға алмай жүрген адамдар сияқтымыз. Басқа да проблемалар болды. Сонымен екеуіміз екі қалада жүрдік», – деп еске алды Дариға.

Алайда арақашықтық олардың бір-біріне деген сезімін өшірмеген. Дариғаның айтуынша, Олжас Дубайға ұшып кеткенімен, көп ұзамай сүйіктісін сағынып, қайта оралған.

«Балиден Дубайға ұштым, ұмытуға сылтау іздеп. Уже Дубайдан қайтатын уақыт болды. Таңертең сообщение келіпті: "Дариға, қалайсың? Қашан қайтасың?" деп. "Жауап бермедім". Екі сағат өткен соң: "Сені әбден сағындым" деп жазыпты. Маған да керегі сол еді, билет алып ұшып келдім», – деп жазды актриса.

Осы оқиғадан кейін екеуі қайта табысып, болашақтарына қатысты маңызды шешім қабылдаған.

Дариға Бадықова сүйіктісінің өзіне қалай сөз салғанын да айтып өтті. Оның сөзінше, Олжас дәстүрлі түрде тізерлеп отырып ұсыныс жасамаған. Оның орнына ерекше сыйлық дайындапты.

«Олжас салт-дәстүрден аттамай, бәрін өз жөнімен жасады. Келген күні осы сырғаны салып, үйленейік деді. Міне, өткен тарих!» – деді актриса.

Жарияланған суреттердің бірінде Bulgari брендінің сырғасы көрсетілген. Дариғаның айтуынша, дәл осы әшекей олардың отбасын құру туралы шешімінің ерекше естелігіне айналған.

inst: dariga_badykova

Актриса екі жақтың аналары да балаларының қосылуын қалағанын жеткізді.

«Мамаларымыз риза. Жалғыз жүргенімізді қаламаушы еді. Екеуі бас қосса екен деп», – деп жазды ол.

Өнер иесі Олжас екеуінің бірге өткізген қиындықтары қарым-қатынастарын нығайта түскенін атап өтті.

«Бір-біріне өмірді қалай сүру керек екенін үйреткен, махаббаттың қандай болатынын үйреткен, қиындық болса бірге болуды үйреткен, бір-біріне ауадай керек адамдарға қиынның қиыны болды», – деп жазды актриса.

Сондай-ақ ол уақыт өте келе екеуінің де қарым-қатынасқа деген көзқарасы өзгергенін жеткізді.

«Жылдар өте, күндер өте, эмоцияны ақылға сала бастадық», – деді Дариға Бадықова.

Актриса жазбасын Олжас Абай екеуінің ресми түрде ерлі-зайыпты атанғанын хабарлаумен аяқтады.

«Сонымен, басымыз бос емес ерлі-зайыпты жұп болдық», – деп қуанышымен бөлісті өнер иесі.

Еске сала кетейік, 12 қазан күні қос ғашықтың үйлену тойы өтіп, жақындары қуаныштарына ортақтасқан еді.

Дариға Бадықова кім?

Дариға Болатқызы Бадықова – қазақстандық танымал актриса, әнші және кинопродюсер. Ол 1985 жылы 1 желтоқсанда Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Болашақ актриса Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Музыкалық драма және режиссура» мамандығы бойынша білім алған. Өнер жолын театр сахнасынан бастап, режиссер Болат Атабаевтың «Ақсарай» музыкалық театрында еңбек еткен. Театрда Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек» қойылымындағы Қамқа бейнесін сомдаған. Кейін кино және телехикаяларға түсіп, көрерменге кеңінен таныла бастады. Ол «Ғашық жүрек», «Тракторшының махаббаты» және «Абайлаңыз, сиыр!» жобаларына қатысқан. Актрисаға ерекше танымалдылық әкелген туынды – «Келінжан» телехикаясы. Бұл сериалда ол Айсара есімді кейіпкерді сомдап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Кейін «Қазақша бизнес» фильмдер сериясына да түсті.

2023 жылы «Таптым-ау сені» романтикалық комедиясы арқылы өзін кинопродюсер ретінде танытты. Фильмде басты рөлдердің бірін актер Олжас Абаймен бірге сомдады. 2024 жылы ақпанда NTK телеарнасы аталған фильмнің кассалық табысы 1 миллиард 850 миллион теңгеге жеткенін хабарлады. Кейін актриса «Таптым-ау сені» фильмінің жалғасын түсіріп, продюсерлік қызметін жалғастырды. Дариға Бадықова бүгінде актерлік өнер мен кино өндірісін қатар алып жүрген қазақстандық өнер иелерінің бірі.