Түркістан қаласында ер адам әйелін пышақтап өлтіріп, кейін өзіне қол жұмсамақ болған. Қайғылы оқиғаны алғаш болып ерлі-зайыптылардың кенже ұлы көрген, деп хабарлайды ult.kz.
Көршілерінің айтуынша, жас жігіт анасының дауысын естіп, бөлмеге кіргенде әйелдің ауыр жарақат алғанын байқаған. Ол дереу жедел жәрдем шақырған. Алайда 54 жастағы әйел дәрігерлердің көмегіне қарамастан, жансақтау бөлімінде көз жұмған.
«Кішкентай баласы “апа, мен кешігіп қалдым” дейді. Ұйықтап жатқан екен. Мамамның даусын естіп шықсам, қан атқылап жатыр дейді», – деді марқұмның көршісі Гүлнар Сапарова.
Көршілердің сөзінше, ерлі-зайыптының отасқанына 25 жыл болған. Олар төрт бала тәрбиелеп өсірген. Әйел өмір бойы үй шаруасымен айналысқан.
Марқұмның жолдасы өзінен 13 жас үлкен болған. Бұл ер адамның екінші некесі екені айтылады. Көршілері отбасы сырт көзге тату болғанын, ерлі-зайыптылардан бұған дейін қандай да бір келеңсіз әрекет байқамағанын жеткізді.
Алдын ала мәлімет бойынша, жанжал кезінде ер адам әйелін пышақпен жаралаған. Одан кейін өзі де денесіне пышақ сұғып, өзіне қол жұмсамақ болған. Ер адам ауруханаға жеткізілген.