«Трамп бұғазы»: АҚШ президенті Ормузға жаңа атау ұсынды

«Трамп бұғазы»: АҚШ президенті Ормузға жаңа атау ұсынды
ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп Ормуз бұғазының атауын өзінің құрметіне өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды ult.kz.

«Енді біз оны АҚШ ретінде бақылауымызға алған соң, Ормуз бұғазын Трамп бұғазы деп атағанымыз жөн бе??? Американың өзі сияқты, ол бұрынғыдан да «ыстығырақ» болады!», деп жазды Трамп Truth Social желісіндегі парақшасында.

Бұған дейін АҚШ президенті Ормуз бұғазы бейнеленген карталарды бірнеше рет жариялап, онда бұғаз аумағын АҚШ территориясы ретінде көрсеткен еді.

АҚШ әскері 1 қыркүйекте Ирандағы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне, радиолокациялық жүйелерге, теңіз нысандарына, мина қондырғылары мен байланыс нысандарына соққы бергенін мәлімдеді. Иран тарапы Ормуз бұғазы маңындағы бірнеше нысанаға соққы жасалғанын хабарлады, деп жазады Reuters.

Иран билігінің өкілдері АҚШ соққыларының бірі Сирик ауданындағы үйге тигенін мәлімдеді. Олардың айтуынша, сол кезде үйде үйлену тойы өтіп жатқан.

2 қыркүйекте Иранның әскери қолбасшылығы АҚШ-тың Бахрейн, Иордания, Кувейт және Ирактағы нысандарына соққы бергенін мәлімдеді. Иран тарапының айтуынша, ендігі мақсат – АҚШ-тың Таяу Шығыста ондаған жыл бойы ұстап келген кең ауқымды әскери базалар желісінен америкалық әскерилерді ығыстыру.

Иран тарапы шабуылдар кезінде Иорданиядағы және Ирактың солтүстігіндегі америкалық әскери базада бірнеше АҚШ әскери қызметкерінің қаза тапқанын хабарлады. Сонымен қатар Ормуз бұғазы арқылы өтіп бара жатқан кезде америкалық персонал басқаратын екі танкер минаға ұшыраған.

Ормуз бұғазының жағалауы үш мемлекетке тиесілі. Оның солтүстік жағалауын толықтай Иран бақылайды, ал оңтүстік бөлігі Оман мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында бөлінген.

Айта кетейік, өткен аптада Канадамен арадағы шиеленіс аясында Дональд Трамп Онтарио көлінің атауын «Америка көлі» деп өзгерту туралы жарлыққа қол қойған. Ал 2025 жылдың қаңтарында ол Мексика шығанағын «Америка шығанағы» деп атауды енгізген еді.