Трамп АҚШ киноиндустриясы дағдарыста деп есептейді

Трамп АҚШ киноиндустриясы дағдарыста деп есептейді
ашық дереккөз

АҚШ президенті Дональд Трамп елдегі киноиндустрия дағдарысқа ұшырағанын айтып, жергілікті киностудияларға салықтық жеңілдіктер енгізуді ұсынды, деп хабарлайды ult.kz РИА Новости-ге сілтеме жасап.

Трамп бұл бастаманы «Оскар» сыйлығының иегері, актер Джон Войтпен кездесуде талқылаған. Бұған дейін АҚШ президенті Войтты Голливуд мәселелері жөніндегі арнайы өкілі етіп тағайындаған болатын.

«Голливуд – толық және абсолютті күйреу жағдайында. Атауы дүркіреп тұрғанымен, онда іс жүзінде жұмыс жоқ. Кино өндірісі Канадаға және басқа елдерге көшіп жатыр, ал АҚШ-та түсірілімдер өте аз жүргізіледі», – деді Дональд Трамп.

Оның айтуынша, Джон Войт пен киноиндустрияның басқа да өкілдері америкалық кино өндірісін қайта жандандыру үшін федералдық деңгейде салықтық ынталандыру шараларын енгізуді ұсынып отыр.

АҚШ президенті киностудиялардың жаппай шетелге көшуі Калифорния мен басқа да штаттардың экономикасына айтарлықтай зиян келтіріп жатқанын атап өтті.

Трамп бұл мәселе бойынша Конгресстегі екі партияның да көшбасшыларымен консультациялар өткізуді жоспарлап отыр. Ол салықтық жеңілдіктерге жұмсалған бюджет қаражаты жаңа жұмыс орындарының ашылуы мен федералдық бюджет кірістерінің артуы есебінен «он есеге өтелетініне» сенім білдірді.