Тоқаев Ұлыбританиядағы жаңа елшіге бірқатар міндет жүктеді

Тоқаев Ұлыбританиядағы жаңа елшіге бірқатар міндет жүктеді
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі жаңадан тағайындалған елшісі Әлібек Бақаевты қабылдады, деп хабарлайды ult.kz.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы қазақ-британ көпжоспарлы ынтымақтастығын одан әрі дамытуға қатысты басым міндеттерді айқындады.

Президент елшіге Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы Стратегиялық серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімді тиімді іске асыруға, екі ел арасындағы саяси диалогты жандандыруға, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге күш салуды тапсырды.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика, көлік, инновация және білім беру салаларындағы бірлескен жобаларды ілгерілетуге ерекше назар аудару қажеттігін атап өтті.