Тоқаев Ұлттық банктің есебін тыңдады: инфляция төмендеп, резервтер рекордтық деңгейге жетті

Тоқаев Ұлттық банктің есебін тыңдады: инфляция төмендеп, резервтер рекордтық деңгейге жетті
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменовті қабылдап, қаржы реттеушісінің 2025 жылғы жұмысының қорытындылары мен 2026 жылға арналған жоспарлары туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды ult.kz.

Кездесу барысында Ұлттық банк басшысы ақша-несие саясатының нәтижелері, қаржы секторының ахуалы, алтын-валюта резервтері, Ұлттық қор мен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) активтері, сондай-ақ қаржы жүйесін цифрландыру бағытындағы жұмыстар жөнінде баяндады.

Тимур Сүлейменовтің мәліметінше, 2025 жылы инфляция деңгейі 12,3 пайызға дейін төмендеген. Бұл үрдіс биыл да жалғасып, мамыр айының қорытындысы бойынша инфляция 10,4 пайызды құраған. Қазіргі уақытта Ұлттық банк Үкіметпен бірлесіп баға өсімін тежеуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып жатыр.

Президентке Ұлттық қор мен БЖЗҚ активтерінің жай-күйі туралы да ақпарат берілді. Былтыр Ұлттық банктің алтын-валюта резервтері рекордтық көрсеткішке жетіп, 65,4 миллиард долларды құраған. Ал Ұлттық қордың валюталық активтері 5,1 миллиард долларға өсіп, 63,9 миллиард долларға жеткен.

Сонымен қатар БЖЗҚ активтері 2,7 триллион теңгеге ұлғайып, жалпы көлемі 25,1 триллион теңгені құрады.

Кездесуде цифрлық қаржы технологияларын дамыту мәселесіне де ерекше назар аударылды. Ұлттық банк басшысының айтуынша, 2025 жылы цифрлық активтерге арналған арнайы құқықтық режим іске қосылып, оның аясында нақты активтерді токендеу, стейблкоиндер шығару, криптопровайдерлер мен крипто-фиат арналарына қатысты 30-дан астам пилоттық жоба жүзеге асырылған.

Сондай-ақ Қазақстан өңірдегі алғашқы Ұлттық цифрлық қаржы инфрақұрылымын іске қосқан. Жаңа жүйе қауіпсіз биометрияны, банкаралық төлемдерді, қаржылық ақпарат алмасуды, цифрлық теңгені, алаяқтықтан қорғау тетіктерін және басқа да заманауи сервистерді біріктіреді.

Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық банкке қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуді, инфляцияны төмендету және макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау бағытында Үкіметпен үйлесімді жұмыс жүргізуді тапсырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қаржы нарығындағы заманауи цифрлық инфрақұрылымды одан әрі дамыту маңызды екенін атап өтті.