Бүгін Ақордада мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Іс-шара барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтарға пәтер кілтін табыстады, деп хабарлайды ult.kz.
Президенттің айтуынша, бұл бастама мәдениет саласы өкілдеріне көрсетіліп отырған әлеуметтік қолдаудың бір бөлігі.
— Бүгін мен ұлт өнеріне елеулі үлес қосып жүрген бірнеше азаматқа пәтер кілтін табыстаймын. 2024 жылдан бері мәдениет және өнер қайраткерлеріне жалпы саны 200 пәтер берілді. Бұл игі үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Баршаңызға құтты болсын! Төл өнеріміз өркендей берсін, ұлт мәдениетінің мәртебесі әрдайым биік болсын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Айта кетейік, бұған дейін Президент дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген өнерпаздарды қолдау мақсатында «Асыл мұра» ұлттық сыйлығын тағайындау туралы да мәлімдеген болатын. Сыйлық Мемлекет басшысының Жарлығымен лайықты мәдениет және өнер қайраткерлеріне табысталмақ.