«Тойды қонақтың есебінен жасайды»: қазақтың той мәдениеті туралы пікір айтылды

«Тойды қонақтың есебінен жасайды»: қазақтың той мәдениеті туралы пікір айтылды
«Базар сияқты»: Блогер Шымкенттегі тойда көрген тәртіпсіздікке таңғалды

Әлеуметтік желіде қазақтың қазіргі той мәдениетіне қатысты пікірталас қызды. Facebook қолданушысы Тортуыл Шоқан қазіргі тойлардың шығыны мен қонақ санына байланысты өз ойын білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, бұрын ауқатты адамдар тойды ел ішіндегі мәртебесін көрсету үшін өткізсе, қазір кей отбасылар тойды қонақтардың есебінен өткізуге тырысады.

«Қазір қызды тұрмысқа беру, ұлды үйлендіру — амалсыз өткізілуі тиіс іс-шаралар қатарынан. "Кісі саны неғұрлым көп болса, соғұрлым той өзін ақтайды" тәмсілі — құпия жоспардың үлкен бөлігі», — деп жазды ол.

Автордың пікірінше, әсіресе оңтүстік өңірлерде бірнеше туыстың қатарынан өтетін тойлар да осы түсінікпен байланысты.

Ол өз жазбасында той жасау үшін қарызға батып немесе қолда бар мал-мүлкін сатуға мәжбүр болған адамдарды да мысалға келтірді.

«Көрші ауылда тұратын бір таныс бауыр, алты ай бұрын қашып кеткен қызына той жасаймын деп 4 сиырын, жалғыз атын арба-шана, қамыт-сайманымен сатты», — деп жазды автор.

Тортуыл Шоқан тойға шақырылатын қонақтар санын да шектеу керек деп есептейді. Оның ұсынысы бойынша, қыз ұзатуға 100 адамнан, ал ұл тойына 200 адамнан артық шақырмаған жөн.

«Сонда ғана той мәнді, сәнді, шығынсыз болмақ», — дейді ол.

Автор оқырмандарды бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдіруге шақырды.

Оқи отырыңыз: «Соңына дейін шашылайық»: Танымал блогер тойбастарға бриллиант таратты

Қазақстандық жас жұбайлар тойын 210 мың теңгеге өткізген