Семейдегі №52 мектептің 13 жастағы екі оқушысы бір-бірін пышақтап, ауруханаға түсті. Сыныптастардың бұған дейін дос болғаны және бірге күреспен айналысқаны белгілі, деп хабарлайды ult.kz.
Оқиға 10 қыркүйекте сабақтан тыс уақытта болған. Оқушылардың бірі бірнеше пышақ жарақатын алған. Оған төрт сағат бойы ота жасалып, үш күн жансақтау бөлімінде жатқан. Қазір жағдайы тұрақты, жалпы палатаға ауыстырылған.
Абай облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, екінші оқушы да медициналық көмек алғаннан кейін амбулаториялық емге жіберілген.
Оқиғаға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазір жанжалдың нақты себептері мен барлық мән-жайы анықталып жатыр.
Тергеу қорытындысы бойынша кәмелетке толмағандарды профилактикалық есепке қою және олардың заңды өкілдерін бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.
Түпкілікті процессуалдық шешім тергеу нәтижесіне қарай қабылданады.