Маңғыстау облысындағы «Құрық» кеден бекетінде зергерлік бұйымдарды заңсыз өткізу әрекетінің жолы кесілді, деп хабарлайды ult.kz.
Lada.kz жазуынша, оқиға «Зарифа Алиева» теңіз кемесіне кіру кезінде тіркелген. Шекаралық бақылаудан өтіп бара жатқан 62 жастағы Қазақстан азаматының мінез-құлқы кеден қызметкерлерінің күдігін тудырған. Әйелдің қозғалысы баяулап, өзін жайсыз ұстауы тексеруге себеп болған.
Күдікті азаматшаға кеден және шекара қызметі, экономикалық тергеу департаменті мен көлік прокуратурасы бірлесіп тексеру жүргізді.
Мемлекеттік кірістер органдарының мәліметінше, тексеру барысында оның денесіне жасырылған 34 зергерлік бұйым анықталған. Оның ішінде сақина, сырға және білезік түріндегі әшекейлер бар.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде.
Ведомство мұндай тәсілдер кеден заңнамасын бұзып қана қоймай, адамның денсаулығына да аса қауіпті екенін ескертті.