Әнші Сәкен Майғазиевтің анасын жерлегеннен кейін зират басында жалғыз қалып, Құран оқып, көзіне жас алғаны туралы әлеуметтік желіде жазба жарияланды, деп хабарлайды ult.kz.
Жазба авторы көпшілік тарағаннан кейінгі әншінің күйін көріп, қатты толқығанын жеткізген.
"Жұрт тараған соң, Сәкен Майғазиев ағамыздың анасы Ұлтай әжеміздің басында жалғыз қалып, Құран оқып, жылағанын көріп, жүрегім елжіреді… Анадан айырылудың қандай ауыр екенін бүгін терең сезіндім. Анаға деген махаббат пен сағыныштың шегі жоқ екен…" – деп жазған ол.
Айта кетейік, жуырда ғана әншінің анасы көз жұмған еді.
Сәкен Майғазиев кім?
Сәкен Қордабайұлы Майғазиев - қазақстандық әнші, «МузАРТ» тобының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1975 жылғы 1 қаңтарда қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданында дүниеге келген. 2001 жылы құрылған «МузАРТ» тобы арқылы көпшілікке кеңінен танылды.
Өнер иесі 1993 жылы Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжін, 1997 жылы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясын эстрадалық әншілік мамандығы бойынша тәмамдаған. Әншілікпен қатар ұстаздықпен айналысып, жас орындаушыларды тәрбиелеуге үлес қосқан. 2013 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын алған.