Әнші Сәкен Майғазиев марқұм анасына арналған қонақасында естеліктерімен бөлісіп, көзіне жас алды. Жиыннан түсірілген видеоны Алтынай Жорабаева әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі анасының денсаулығы әлсірегенге дейін құлшылығын үзбегенін айтып, оның өнегелі өмірін еске алды.
"Анамыз денсаулығы сыр беріп, сәждеге бара алмай қалғанға дейін намаз оқыды. Алланың бұйырған бес парызын бұлжытпай орындады десем, артық айтпаймын. Алла білуші. Қажылыққа 2014 жылы Нұрлан ағаммен бірге барып келді. Мен бақытты ұрпақтардың бірімін", - деді Сәкен Майғазиев.
Алтынай Жорабаева әріптесіне көңіл айтып, марқұмның рухына дұға бағыштады.
"Сәкен аға, анаңыздың жаны жәннаттың төрінде шалқысын", – деп жазды әнші.
Өнердегі өзге әріптестері де әлеуметтік желі арқылы Сәкен Майғазиев пен оның отбасына көңіл айтып, қолдау білдіріп жатыр.
Айта кетейік, Сәкен Майғазиев Арман Дүйсеновті еске алды.
Сәкен Майғазиев кім?
Сәкен Қордабайұлы Майғазиев – қазақстандық эстрада әншісі, «МузАРТ» тобының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1975 жылы 1 қаңтарда қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданында дүниеге келген. 2001 жылдан бастап «МузАРТ» тобының құрамында өнер көрсетіп, көпшілікке кеңінен танылды.
Әнші кәсіби білімін Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада және цирк колледжінде алып, кейін Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында оқуын жалғастырған. Әншілікпен қатар ұстаздықпен және тележүргізушілікпен айналысқан. «Екі жұлдыз» жобасына қатысып, кейін бағдарламаны жүргізді. Сондай-ақ «Хабар» арнасындағы «Жаңа күн» бағдарламасының жүргізушісі болды. 2013 жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.