Қызылорда қаласындағы «Арай» саябағында болған оқиғадан кейін 19 жастағы жігіттің екі аяғына ампутация жасауға тура келді, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық көпбейінді аурухананың мәліметінше, зардап шегуші жедел жәрдем қызметімен медициналық мекемеге аса ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер оған шұғыл ота жасап, сол аяғын санның жоғарғы бөлігінен, ал оң аяғын тобық тұсынан кесуге мәжбүр болған.
Облыстық көпбейінді аурухананың бас дәрігері Жасұлан Баймахановтың айтуынша, науқастың жағдайы әлі де өте ауыр әрі тұрақсыз күйде қалып отыр.
Қайғылы оқиға 15 маусым күні Қызылорда қаласындағы «Арай» саябағында болған. Әлеуметтік желілерде тараған видеолар мен куәгерлердің айтуынша, жас жігіттің аяқтары аттракцион механизміне қысылып қалған.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желілерде зардап шегушіге қан тапсыруға шақырған хабарламалар да тарады.
Қызылорда облыстық полиция департаменті еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзу салдарынан абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша заң талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.
Істің тергелуі Қызылорда облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынған.