Қостанайдағы оқу орындарында террорлық акт дайындалып жатқаны туралы хабарламалар әлеуметтік желіде тарады. Осыған байланысты полиция сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды ult.kz.
Белгісіз автор бірқатар оқу ғимаратында жарылғыш заттар барын айтып, қоқан-лоқы жасаған. Ақпарат бойынша барлық нысан тексерілді. Жарылғыш заттар мен күдікті бұйымдар табылған жоқ.
Қазір полиция хабарлама авторын анықтап, оқиғаның мән-жайын тексеріп жатыр.
Ведомство тұрғындарды сабыр сақтап, жалған ақпарат таратпауға шақырды. Көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.