Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) чайлдфри идеологиясына қатысты пәтуа жариялап, оның ислам шариғатына қайшы екенін мәлімдеді., деп хабарлайды ult.kz.
Пәтуа мәтінінде чайлдфри (ағылш. childfree – «баласыз өмір») саналы түрде балалы болудан бас тартуды насихаттайтын субмәдениет ретінде сипатталған. Құжатта бұл көзқарасты ұстанатын адамдардың балаларды жек көрмейтіні, алайда көбіне бала тәрбиесіне жұмсалатын шығындардан қашу, қосымша жауапкершілікті мойнына алмау, жеке еркіндік пен кәсіби дамуды алдыңғы орынға қою сияқты себептерді алға тартатыны айтылған.
ҚМДБ-ның мәліметінше, саналы түрде балалы болудан бас тарту адам табиғатына (фитрасына) қайшы келеді. Пәтуада үйлену және ұрпақ сүю адамның табиғи болмысының бір бөлігі екені көрсетілген.
Сондай-ақ құжатта неке қиюдың Пайғамбар Мұхаммедтің (с.ғ.с.) сүннеті екені және оның негізгі мақсаттарының бірі адамзат тегінің сақталуы мен ұрпақтың жалғасуы екені атап өтілген.
Пәтуада исламда балалы болу ерлі-зайыптыларға ортақ құқық саналатыны айтылған. Егер жұбайлардың бірі бала сүюді қаласа, екінші тарап оған тыйым сала алмайды. Ал жүктілікті уақытша кейінге қалдыру тек денсаулықты қалпына келтіру немесе бала тәрбиесіне дайындалу сияқты орынды себептер болған жағдайда және ерлі-зайыптылардың өзара келісімімен ғана рұқсат етіледі.
Басқарма мәліметінше, жауапкершіліктен қашу немесе кедейліктен қорқып жүктіліктен әдейі бас тарту шариғатта құпталмайды. Сонымен бірге ұрпақсыздыққа әкелетін, жүктілікті біржолата болдырмайтын тәсілдерге тыйым салынатыны көрсетілген.
ҚМДБ жариялаған шешімге сәйкес, чайлдфри идеологиясы ислам шариғатына, адам табиғатына және неке мақсатына қайшы деп танылды. Сондай-ақ жүктілікті болдырмау немесе кейінге қалдыру тек мәжбүрлі және шариғат талаптарына қайшы келмейтін жағдайларда ғана рұқсат етілетіні, ал жүктілікті біржолата болдырмайтын тәсілдерге тыйым салынатыны айтылды.