Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдап, ведомствоның 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмысының қорытындылары туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды ult.kz.
Жанат Элимановтың айтуынша, есепті кезеңде 496 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, жәбірленушілерге 22,6 млрд теңге көлеміндегі залал өтелген.
Сонымен қатар Агенттік 7 ұйымдасқан қылмыстық топтың, оның ішінде 4 трансұлттық топтың қызметіне тосқауыл қойған. Сондай-ақ 176 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдырған 44 желі анықталып, олардың жұмысы тоқтатылған.
ҚМА мәліметінше, есірткі бизнесі мен интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастыру үшін пайдаланылған 12 астыртын криптоайырбастау пункті жойылған. Бұдан бөлек, өз есепшоттары арқылы 113 млрд теңгені өткізген 36 дропперлік топ әшкереленді.
Агенттік ТМД елдері аумағында алғаш рет ұялы байланыс операторларының жұмысын қолдан жасап, азаматтардың жеке деректерін ұрлауға және жаппай фишингтік SMS-хабарламалар таратуға арналған арнайы құрылғыны пайдаланған күдіктілердің ұсталғанын хабарлады.
Бюджет қаражатын бақылау барысында 52 инфрақұрылымдық жоба бойынша 279 млрд теңгенің негізсіз жұмсалуына жол берілмеген. Сондай-ақ ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру кезінде 10 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқыру қаупі анықталған.
Сонымен қатар Қаржылық мониторинг агенттігі жеке клиникалардың 140 мың азаматты жалған тіркеу арқылы Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан заңсыз қаражат алуға әрекеттенгенін анықтады.
Алдын алу шаралары аясында 9 мың заңсыз ойын сайты мен аккаунты, алаяқтық мақсатта ашылған 2,3 мың интернет-ресурс және 35 мыңнан астам қатысушысы бар 25 чаттың қызметі тоқтатылған.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметінің негізгі бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.