Қазақстанда азаматтарға профилактикалық тексеруден өту және вакцинация туралы ақпарат беру үшін жаңа цифрлық сервистер іске қосылады. 19 қазаннан бастап үш өңірде скрининг туралы SMS-хабарлама жіберу жобасы басталады, деп хабарлайды ult.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 19 қазаннан бастап Ақмола, Абай және Ұлытау облыстарының тұрғындарына 1414 нөмірі арқылы скринингтен өту қажеттігі туралы SMS жіберіледі.
Жүйе жүрек-қантамыр және онкологиялық ауруларды, қант диабетін, ми қанайналымының бұзылуын және вирустық гепатиттерді ерте анықтауға арналған алты бағыт бойынша тексеруден өтуі қажет азаматтарды автоматты түрде анықтайды. Хабарлама алған тұрғын өзі тіркелген емханаға жүгіне алады.
Екпе туралы да SMS келеді
26 қазаннан бастап еліміздің барлық өңірінде азаматтарға жүргізілген екпелер туралы SMS-хабарлама жіберу жоспарланып отыр. Вакцина медициналық ақпараттық жүйеге тіркелгеннен кейін азаматқа немесе баланың заңды өкіліне екпенің түрі мен егілген күні көрсетілген хабарлама келеді.
Егер хабарламадағы ақпарат шындыққа сәйкес келмесе, азамат 1414 нөміріне жауап хабарлама жіберіп, бұл туралы хабарлай алады. Мәліметтерді тексеру үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жолдайды.
Медициналық қызметтер де цифрлық бақылауға алынады
Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтің көрсетілгенін растауға арналған цифрлық сәйкестендіру жүйесін де кеңейтіп жатыр.
2026 жылғы 7 қазандағы мәлімет бойынша, тіркелген 135,9 млн медициналық қабылдаудың 73%-ы цифрлық сәйкестендіруден өткен.
Қазір бұл жүйе медициналық қызметтің 1 278 түрін қамтиды. Ал 1 желтоқсаннан бастап тізімге консультациялардың, диагностикалық зерттеулер мен медициналық емшаралардың тағы 736 түрін қосу жоспарланып отыр.
Министрліктің мәліметінше, жаңа сервистер профилактикалық тексерулердің қолжетімділігін арттыруға, пациенттердің құқықтарын қорғауға және медициналық қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.