Қазақстанда газдың ресурстық базасын кеңейту және жаңа кен орындарын игеру бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Бұл туралы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, жұмыстар Мемлекет басшысының газ қорын ұлғайту және геологиялық барлау жобаларын іске асыру жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүргізілуде.
Асхат Хасенов Атырау облысындағы «Қаратон Тұзасты» жобасы бойынша 2025 жылы тереңдігі 5 750 метр болатын барлау ұңғымасы бұрғыланғанын айтты. Бірінші және екінші нысандарды сынау барысында газ ағыны алынған. Қазіргі уақытта үшінші нысанды сынауға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Барлық сынақ аяқталғаннан кейін кен орнының қорын растау мүмкіндігі бағаланатын болады.
Сонымен қатар биылғы жылдың соңына дейін аталған жоба аясында тереңдігі 6 мың метр болатын екінші ұңғыманы бұрғылау басталады деп жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, «ҚазМұнайГаз» Маңғыстау облысында «Болашақ» жобасын жүзеге асыруда. Осы жоба аясында биылғы үшінші тоқсанның соңына дейін тереңдігі 3 500 метр болатын алғашқы іздеу ұңғымасын бұрғылау көзделген.
Сондай-ақ компания «Жылыой» және «Березовский» жаңа жобалары бойынша қытайлық ірі серіктестер – CNOOC және Sinopec компанияларымен келісімшарттар жасаған. Асхат Хасеновтің айтуынша, аталған жобалар аясындағы сейсмикалық барлау жұмыстары осы жылдың күзінде басталады.