Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаевті қабылдап, ведомствоның 2025 жылғы жұмысының қорытындылары мен 2026 жылдың алғашқы бес айындағы нәтижелері туралы есебін тыңдады, деп хабарлайды ult.kz.
Кездесу барысында министр мемлекет тарапынан көзделген әлеуметтік міндеттемелер толық көлемде орындалып жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, 2025 жылы зейнетақы, базалық жәрдемақы және өзге де әлеуметтік төлемдерге 5,9 триллион теңге жұмсалса, биылғы бес айда бұл мақсатқа 2,7 триллион теңге бағытталған.
Асқарбек Ертаев мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау және оларды жұмыспен қамту шаралары туралы да баяндады. Биыл 12 мыңға жуық мүгедектігі бар азамат еңбекке тартылған. Сонымен қатар жыл соңына дейін мүгедектікті белгілеудің цифрлық талдау тетігін енгізу жоспарланып отыр.
Президент арнаулы әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыруды және еліміздің өңірлерінде жеті жаңа оңалту орталығын ашуды тапсырды. Бұл ерекше қажеттілігі бар азаматтарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Министр халықты жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарға да тоқталды. Оның мәліметінше, ел бойынша 201 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған, олардың 74,9 мыңы – жастар. Сондай-ақ биыл тұрақты, қауіпсіз әрі әлеуметтік кепілдіктері сақталатын жұмыс орындарының санын 3,1 миллионға дейін жеткізу міндеті қойылған.
Кездесуде еңбек нарығын цифрландыру мәселесі де талқыланды. Атап айтқанда, Маңғыстау облысы мен Павлодар облысында «Жұмыспен қамтудың цифрлық қызметі» жобасын пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр.
Еңбек қатынастарын реттеу саласында электрондық форматта 6,7 миллион еңбек шарты жасалғаны айтылды. Сонымен қатар 118 мыңнан астам жұмыскер міндетті сақтандырумен қамтылған. Еңбек инспекторларының араласуымен 22 мыңнан астам азаматтың құқығы қорғалған.
Кездесу қорытындысында Президент саланы одан әрі цифрландыру, еңбек адамдарының құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдауды күшейту және әлеуметтік масылдықпен күрес бағытында бірқатар тапсырма берді.
Мемлекет басшысы қабылданатын барлық шешімдер мен шаралар халықтың әл-ауқатын арттыруға қызмет етуі тиіс екенін атап өтті.