2015 жылдың 24 наурызында Испанияның Барселона қаласынан Германияның Дюссельдорф қаласына бет алған Germanwings 9525 рейсі Францияның оңтүстігіндегі Альпі тауларына соғылып, борттағы 150 адамның барлығы – 144 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі қаза тапты. Бұл Еуропа авиациясы тарихындағы ең сұмдық әрі қоғамды дүр сілкіндірген оқиғалардың бірі ретінде есте қалды, деп хабарлайды ult.kz.
Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін шамамен жарты сағат өткенде капитан ұшқыш кабинадан уақытша шығып кеткен. Сол сәтте кабинада қалған екінші ұшқыш Андреас Лубиц есікті ішінен жауып, капитанды қайта кіргізбеген. Кабинадағы дыбыс жазғыштан капитанның есікті қайта-қайта қағып, кейін оны бұзуға әрекет жасағаны анық естілген. Алайда есік ашылмаған.
Осы кезде ұшақ біртіндеп төмендей бастаған. Әуе диспетчерлері экипажмен бірнеше рет байланысуға тырысқанымен, ешқандай жауап ала алмаған. Ұшақтың ішінде отырған жолаушылар соңғы сәттерде не болып жатқанын түсініп, үрейге бой алдырғаны туралы тергеу материалдарында айтылды. Бірнеше минуттан кейін Airbus A320 ұшағы шамамен 700 км/сағжылдамдықпен Франция Альпісінің жартасына соғылып, түгелдей быт-шыт болды. Аман қалған ешкім болған жоқ.
Тергеу барысында қара жәшіктердегі жазбалар зерттеліп, апаттың техникалық ақаудан емес, екінші ұшқыштың қасақана әрекетінен болғаны анықталды. Белгілі болғандай, Андреас Лубиц бұрын психологиялық қиындықтарға тап болып, депрессиядан ем қабылдаған. Кейін оның жұмысқа жарамсыз екені туралы дәрігер анықтамаларын жыртып тастағаны және бұл туралы жұмыс берушіге хабарламағаны белгілі болды.
Бұл қайғылы оқиғадан кейін әлемнің көптеген әуе компаниялары қауіпсіздік ережелерін қайта қарады. Соның ішінде, көптеген елдерде ұшқыш кабинасында әрдайым кемінде екі адам болуы тиіс деген талап енгізілді. Сондай-ақ ұшқыштардың психологиялық жағдайын бақылау күшейтіліп, медициналық тексерулердің тәртібі қатаңдатылды.