Орал қаласындағы сайлау учаскелерінің біріне әйгілі «Қыз Жібек» фильмінің кейіпкерлері Төлеген мен Қыз Жібектің бейнесіндегі ерекше жұп келді. Анықталғандай, тарихи образға енгендер – жергілікті жастар театрының актерлері, деп хабарлайды ult.kz.
Сәукеле, сыңғырлаған әшекейлер мен ұлттық көйлек киген Қыз Жібек пен Төлегеннің бейнесі №513 сайлау учаскесіне келген тұрғындардың назарын бірден аударған.
Актерлер дауыс беріп қана қоймай, фильмнен шағын көрініс көрсетіп, сайлау процесін ерекше перформансқа айналдырды.
Оқиғаның куәсі болған қала тұрғындары бұл күтпеген қойылымға таңданысын білдірді.
«Жай ғана дауыс беруге келеді деп ойлаған едік, ал мұнда нағыз кино көрсетіліп жатыр. Өте әдемі әрі күтпеген жағдай болды», – деді олар.
Кейіпкерлерді сомдаған актерлер жастар театрында жұмыс істейтіндерін растады. Сондықтан олар сайлау учаскесіне арнайы дайындалған, фильмдегі образдарға барынша ұқсас костюмдермен келген.
Бүгін Қазақстанда жаңа бір палаталы заң шығарушы орган – Құрылтай депутаттарын сайлау бойынша дауыс беру өтіп жатыр.
Батыс Қазақстан облысында сайлаушылар саны 450 мыңнан асады. Өңірде барлығы 488 сайлау учаскесі жұмыс істейді.