Ақтаудағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қызметкері мас күйде жұмысқа келді деген видео әлеуметтік желіде тарады. Жазбаға қатысты оқу орнында ішкі тексеріс басталды, деп хабарлайды ult.kz.
Lada.kz сайтының жазуынша, видеода оқушылар ер адамнан мектепке не себепті мас күйде келгенін сұрайды. Қызметкер «солай болып қалды» деп жауап беріп, ішімдік ішкенін жоққа шығармайды әрі кешірім сұрайды.
Жазба авторларының айтуынша, бұл мұндай алғашқы жағдай емес. Оқушылардың сөзінше, қызметкер мектепке ішімдік ішіп бірнеше рет келген. Сондай-ақ олардың бірінде ер адам балалармен дөрекі сөйлесіп, жанжал шығарғаны айтылған. Алайда бұл мәліметтер әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Ақтаудағы НЗМ директоры Ринат Жұмабаев видеоға байланысты мектеп әкімшілігі ішкі тергеу бастағанын мәлімдеді.
«Мектепте ішкі тергеу жүргізіліп жатыр. Баяндалған фактілер тексерілуде. Тексеріс аяқталғаннан кейін, егер қызметкер тарапынан бұзушылықтар расталса, Еңбек кодексіне сәйкес жұмыстан шығаруға дейінгі шаралар қолданылады», – деді директор.
Жағдайды Маңғыстау облысының білім беру жүйесі де бақылауға алған. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік желідегі жарияланымнан кейін білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік департамент мән-жайды анықтау үшін НЗМ-ге жүгінген.
Министрлік Назарбаев Зияткерлік мектептері дербес білім беру ұйымы екенін, сондықтан оқу процесі мен ішкі бақылауға мектептің өзі жауапты екенін атап өтті.
Тексеріс қорытындысы бойынша қызметкердің әрекетіне және мектептегі ішкі бақылаудың ұйымдастырылуына тиісті баға беріледі.
Тексеру жұмыстары жалғасып жатыр.