Алматы облысы Қарасай аудандық сотында актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс қарала бастады. Оған Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3-тармағы, яғни онлайн-платформаларды пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылып отыр, деп хабарлайды ult.kz.
Егер актердің кінәсі сотта дәлелденсе, оған 3 мың АЕК-ке дейін, яғни 12,975 миллион теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін. Сонымен қатар 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, үш жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе осы мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған.
Қазір Нұрсұлтан Жақсыген үйқамақта отыр. Бұған дейінгі сот отырысында оның адвокаты бұлтартпау шарасын үйқамақтан ешқайда кетпеу туралы қолхатқа ауыстыруды сұраған. Алайда судья қорғау тарапының өтінішін қанағаттандырмаған.
Іс актердің бұрынғы жұбайы Фариза Сабыралиевамен арасындағы дауға байланысты қозғалған. Бұған дейін Сабыралиева әлеуметтік желіде өзі туралы шындыққа жанаспайтын әрі абыройына нұқсан келтіретін ақпарат таратылғанын мәлімдеген.
Оның айтуынша, қылмыстық іс аясында Нұрсұлтан Жақсыген одан кешірім сұраған. Алайда бұрынғы жұбайы кешірімді қабылдамай, істі сотқа жеткізген.
Айта кетейік, Нұрсұлтан Жақсыген Руслан Өтепбайға пікір білдіріп, экс-жұбайына былапыт сөздерді оның атынан басқа біреулер жазғанын айтқан.