Ішкі істер министрлігі келесі жылдан бастап мопедтерді тіркеуді бастайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев мәлімдеді.
Мопедтерге мемлекеттік тіркеу нөмірін беру туралы заңға 3 қазанда қол қойылғанымен, ол 4 сәуірде күшіне енеді.
Осылайша, мопедтер механикалық көлік құралдарына теңестіріледі. Олардың жол ережесін бұзу фактілері автоматты түрде тіркеледі, сондай-ақ жол қозғалысын күнделікті қадағалайтын полиция қызметкерлерімен анықталады.
"2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап азаматтар арнайы халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгініп, мопедтерін тіркей алады. Ал мопед жүргізушілері бұзушылықтары үшін неге 4 сәуірден бастап жауапқа тартылады? Мұндай уақыттың берілу себебі – жаңа заң бойынша мопед жүргізушілерінде А1 санатындағы жүргізуші куәлігі болуы керек. Егер жүргізуші куәлігі болмаса, оларға оқу, куәлік алу, мопедтерін тіркеу және мемлекеттік нөмір алу үшін уақыт қажет", – деп түсіндірді Қайсар Сұлтанбаев.
Айта кетейік, биыл елімізде жол-көлік оқиғалары салдарынан 2 мыңнан астам адам қаза тапты.