Миллиардтық медициналық алаяқтық: жалған тіркеу арқылы МӘМС қаржысы жымқырылған

Миллиардтық медициналық алаяқтық: жалған тіркеу арқылы МӘМС қаржысы жымқырылған
Видеодан скриншот

Қаржылық мониторинг агенттігі Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан (МӘМС) заңсыз қаржы алу үшін ұйымдастырылған ауқымды алаяқтық схемаларды әшкереледі. Тергеу барысында шамамен 140 мың азаматтың медициналық ұйымдарға жалған тіркелгені және көрсетілмеген медициналық қызметтер туралы жалған мәліметтердің енгізілгені анықталған, деп хабарлайды ult.kz.

Аталған фактілер бойынша 36 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала есепке сәйкес, мемлекетке келтірілген шығын 3,5 миллиард теңгеден асады.

Түркістан облысында Жетісай көпсалалы аудандық ауруханасының лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізілуде. Тергеу мәліметінше, МӘМС аясында бөлінген қаражат іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетпеген әрі тауар жеткізбеген 20-дан астам жеке кәсіпкердің есепшоттарына аударылған.

Анықталғандай, кәсіпкерлердің медициналық мекемемен ешқандай келісімшарты болмаған. Олардың банктік деректемелері ақшаны заңсыз шығарып, кейін қолма-қол ақшаға айналдыру үшін пайдаланылған. Бұл іс бойынша мемлекетке келтірілген шығын 501 миллион теңгеден асып, екі күдікті қамауға алынды.

Ал Астанада «Forte Clinic» жеке клиникасының басшысы МӘМС қорынан заңсыз қаржы алу схемасын ұйымдастырғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның сыбайласы – Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығының қызметкері азаматтарды клиникаға заңсыз тіркеуге қатысты өтінімдерді мақұлдағаны үшін 3 жылға сотталды.

Тергеу барысында клиникаға 15 мыңнан астам азаматтың заңсыз тіркелгені анықталды. Сондай-ақ «Damu Med» ақпараттық жүйесі арқылы 79 миллион теңгенің жалған медициналық қызметі рәсімделген.

Алматы облысында «Mydental.kz» және «Стоматология Dr. Nurzhanova» клиникаларының басшысы стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасағаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылып, оның мүлкі тәркіленді.

Тергеу мәліметінше, пациенттерге іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетілмеген. Жалған құжаттарды рәсімдеу үшін дәрігерлердің тіркелгі жазбалары мен кәмелетке толмаған пациенттердің жеке деректері пайдаланылған. Нәтижесінде 4,5 мыңнан астам жалған медициналық қызмет көрсету фактісі анықталып, мемлекетке 66 миллион теңге шығын келтірілген.

Қаржылық мониторинг агенттігі бұл бағыттағы тергеу және заңсыз схемаларды анықтау жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді.