Әнші Мейрамбек Беспаев Сәкен Майғазиевтің анасын соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне қатысты. Ол қара жамылған сахналасының жанынан табылып, көңіл айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Қоштасу рәсімінде Беспаев анасынан айырылған әріптесіне басу айтып, демеу болды. Осы сәтте олардың қасында “МузАРТ” тобының бұрынғы мүшесі Мақсат Базарбаев та болды.
Өнерде талай жыл бірге жүрген әншілердің қайғылы сәтте бір-біріне сүйеу болғаны желі қолданушыларын да толқытты. Көпшілік Сәкен Майғазиев пен оның отбасына көңіл айтып, сабыр тіледі.
Айта кетейік, Сәкен Майғазиев анасын еске алып, көзіне жас алды.
Сәкен Майғазиев кім?
Сәкен Майғазиев – қазақстандық эстрада әншісі, “МузАРТ” тобының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1975 жылы 1 қаңтарда қазіргі Түркістан облысының Созақ ауданында дүниеге келген. Көпбалалы отбасында тәрбиеленген.
Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінде, кейін Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алған. 1997 жылы “Алтын домбыра” республикалық байқауында жеңіске жеткен. 1998 жылы “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанған.
2001 жылдан бастап “МузАРТ” тобының құрамында өнер көрсетіп келеді. Мейрамбек Беспаев және Мақсат Базарбаевпен бірге құрылған трио кейін вокалды-аспапты ансамбльге айналды. Әншілікпен қатар, телебағдарламаларға қатысып, жүргізушілікпен және жас орындаушыларды тәрбиелеумен айналысқан.